Украинамен келіссөз. Путиннің Ватиканға барғысы жоқ

2049
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2024/03/e10fbaef-8b5f-4627-ad0c-f089eed4fd08-960x500.jpeg?token=650645746d46b871b06cde0bcd7a8cf3

Ресей президенті Владимир Путин Украинаға қатысты Ватиканда немесе жақын арада басқа елде өтетін бейбіт келіссөздерге қатыспайды, Бұл туралы 22 мамыр күні Bloomberg агенттігі ресейлік шенеуніктерге сілтеме жасап жариялады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Кремль 16 мамырда Ыстамбұлда басталған техникалық деңгейдегі келіссөздерге басымдық беруді жөн көреді.

Саясаттанушы Сергей Марковтың айтуынша, Путин НАТО-ға мүше Италияға «қауіпсіздік себептеріне байланысты» бармайды және Ресей Ватиканды қақтығыста бейтарап тарап деп есептемейді.

Келіссөздерге Ватиканның тартылуы Ресей православ шіркеуінің де күдігін тудырады – олар қасиетті тақты Украинадағы «тарихи қарсылас» ретінде қарастырады және Киев билігін Мәскеу патриархатына бағынышты Украин православ шіркеуінің храмдарын жапқаны үшін айыптаған жоқ деп сынайды.

Кремльге жақын үш дереккөздің айтуынша, Мәскеу болашақ бейбітшілік туралы меморандум шарттарын талқылау үшін Түркияны алаң ретінде таңдаған. Еуропалық жоғары лауазымды шенеуніктің пікірінше, Ресейдің Түркияны және 2022 жылғы келіссөздерге қатысушыларды таңдауы – Мәскеудің "бастапқы нүктеге оралғысы келетінін" білдіруі мүмкін.

Агенттік дереккөздері АҚШ қазіргі уақытта Киевпен байланыста болып, келіссөздерге ықпал етуге тырысып жатқанын, сонымен қатар Мәскеуге келіссөздерге "қатаң ұстанымдағы" тұлғалардың, мысалы Владимир Мединскийдің (16 мамырдағы және 2022 жылғы Ыстамбұл келіссөздерінде ресейлік делегацияны басқарған президент көмекшісі) қатысуын құптамайтынын жеткізуде екенін хабарлады.

Ватиканда келіссөздер өткізу идеясын АҚШ президенті Дональд Трамп ұсынған. Кейін бұл бастаманы жаңа Рим папасы XIV Лео қолдады. 21 мамырда Финляндия президенті Александр Стубб оқ атуды тоқтату туралы келіссөздер келесі аптада Ватиканда өтуі мүмкін екенін айтты.

The Washington Post басылымы Италияның Ресейге оның өкілдерін келіссөздерге қатысу үшін кіргізуге дайын екенін хабарлағанын жазды. Алайда бұл дайындық Путиннің өзіне қатысты ма, жоқ па, белгісіз. Өйткені онда Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) ордері бар. Италия ХҚС юрисдикциясын мойындайды және Рим статутын ратификациялаған.

Айта кетсек, 16 мамыр күні Ыстамбұлда Ресей мен Украина делегациялары 2022 жылдан бері алғаш рет кездесті. The Economist дерегінше, Мәскеу Донецк, Луганск, Херсон және Запорожье облыстарын бақылауға алуды талап еткен, алайда бұл аймақтарды толықтай басып алуға әлі қауқарсыз. Басылымның дереккөзі бойынша, Владимир Мединский егер Ресей талаптары орындалмаса, "соғысты шексіз жалғастыра беруге" дайын екенін ашық айтқан. Келіссөздер бейбітшілікке қатысты нақты келісімсіз аяқталды. Украина қандай да бір аумақтық жеңілдіктерге барудан үзілді-кесілді бас тартты.

19 мамырда Путин мен Трамптың екі сағаттық телефон арқылы сөйлесуі де шешуші нәтиже әкелмеді. The Financial Times мәліметінше, бұл АҚШ-тың еуропалық және украиналық серіктестерін ренжітті. Басылым дереккөздерінің айтуынша, Трамп енді делдал ретінде белсенді рөл ойнаудан бас тартып, Ресей мен Украинаға келісімге өздері келуіне мүмкіндік беретінін мәлімдеген.

21 мамырда The Wall Street Journal (WSJ) үш дереккөзге сілтеме жасап, АҚШ президенті Дональд Трамп Путинмен сөйлескеннен кейін Еуропа көшбасшыларын Ресей президентінің Украинадағы соғысты тоқтатуға ниетті еместігіне сенімді екені туралы хабардар еткенін жазды. Себебі Путин соғыста жеңіп жатқанына сенімді.

Басылымның жазуынша, Еуропа көшбасшылары Путиннің бейбітшілікке ұмтылмайтынын сезген, бірақ мұны алғаш рет Трамптың өз аузынан естіді. Айта кетерлігі, бұл Трамптың Путин бейбітшілікке шын ниетті деген бұрынғы жария мәлімдемелеріне қайшы келді.

Пікірлер