НЗМ-дегі мұғалім мен оқушы дауы. Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеме жасады

2027
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/photo-output-48-960x500.jpeg?token=f29bad368773744f7f67105606aa0658

Назарбаев Зияткерлік мектебіндегі 11-сынып оқушысы мен мұғалім дауына қатысты Оқу-ағарту министрлігінің өкілі Мереке Амангелдіқызы ресми пікір білдірді, Бұл туралы ол Facebook желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды “Адырна”.

Ведомство өкілі елімізде ұстаздар мәртебесі заңмен бекітілгенін еске салып, оның қоғамдағы орны ерекше екенін атап өтті.

"Ұстаз – бала тәрбиелеп, ұрпаққа жол көрсететін ардақты жан. Сондықтан ата-ана мен оқушы тарапынан мұғалімге құрметпен қарау – ең алдымен адамгершіліктің белгісі. Білімге сенім – сол білімді беріп отырған ұстазға сенуден басталады. Мұғалімнің абыройына күмән келтіру – бүкіл жүйенің беделін түсірумен бірдей.

Осы ретте Оқу-ағарту министрлігі педагогтің қадір-қасиетін төмендететін кез келген әрекетке қатаң сын көзқараспен қарайды.

Сонымен қатар, бұл оқиғада оқушы өз қателігін түсініп, өкініш білдіріп отыр. Енді НЗМ бұл жағдайды тек ішкі тәртіппен ғана емес, сондай-ақ адамгершілік, кешірімділік пен нағыз ұстаздық ұстанымдарға сүйене отырып шешеді деп үміттенеміз", - делінген жазбада.

Сондай-ақ оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев бұл мәселеге өзі жіті назар аударып, тиісті тапсырмалар бергені белгілі болды.

Министрдің нұсқауына сәйкес аталған мәселемен Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің және аймақтық департаменттің өкілдері айналысады.

Министр НЗМ басқарма төрағасы Ануар Жанғозинмен сөйлескен. Басқарма төрағасы мәселені жеке қолға алғандығын, жағдайды жан-жақты қарап, не болғанын әділ бағалап, дұрыс шешім қабылдайтынына сендірген.

Еске сала кетейік, 23 мамырда Алматыдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы оқудан шығарылған. НЗМ басқарма төрағасының айтуынша, мектептегі тоқсандық қорытынды бағалау кезінде 11-сынып оқушысы академиялық адалдық ережесін бұзып, емтихан кезінде ұялы телефон қолданған. Бұл мектепте қатаң тыйым салынған әрекет. Телефон тәртіпке сай тәркіленген сәтте оқушы агрессия танытып, мұғалімге бейәдеп сөз айтып, балағаттаған.

Пікірлер