Жұмбақ түс. Көлденең қырсық немесе Кондрацкийдің мойындауы

3197
Adyrna.kz Telegram
Дәулет туралы күнделік беттерінен
1995 жылдың қыркүйек айының орта кезі. Түсіме Дәулет кірді. …Биік шыңның басында тұр екен. Әлденеге қолын созғандай болады. Бір кезде кәдімгі үлкен қалы кілем Дәулетке қарай қалықтай жөнелді. Шың басындағы балуан алға ұмсынып, қос қолын соза бергені сол еді. Кілем әлдебір белгісіз күш кері тартқандай, Дәулеттің қолына түспей, кейін қарай ұшты… Оянып кеттім. Дәулет алдағы қараша айында Чехияда болатын әлем чемпионатына әзірленіп жүр еді. Түсімді жақсылыққа жорыған боламын. Бірақ көңіл шіркін әлденеге мазасыздана береді.
Әлем чемпионаты қарашада Чехияның астанасы Прагада өтті. Түске дейін швед балуаны, бұқа мойын Лидберг пен денесі құрыштан құйылғандай хорват Иованчевичті келістіріп ұтқан Тұрлықанов алаңсыз қонақ үйге тартты. Біздің бапкерлер жарыс кестесін мұқият қараған тәрізді. “Пирамида” қонақ үйіндегі бөлмесіне кіре бергені сол еді, телефон шыр ете қалды. Телефонды Дәулеттің өзі көтерген.
– Дәулет, сені кілемге шақырып жатыр, – деді ар жақтан.
– Не дейді? Не қарап жүрсіңдер?
– Кешір, он минуттан кейін белдесу басталады...
– Рас па?
– Рас!
– Мәлік триконы дайында! – деді Дәулет қатқыл үнмен. – Мыналар өлтіретін шығар адамды.
Массажшы-дәрігер Мәлік Шамузов сөмкеден спорттық киімді суырып берді.
– Лифтіні шақыр. Тез!
Лифт төменге түскенше шешініп, балуан күрестің жеңіл киімін киіп үлгерді.
Лифтіден жау қуғандай жүгіріп шыққан екеуі есік алдындағы таксиге қарай құстай ұшты. Таксиші лыпып тұрған жігіт екен. Сөзге келместен күрес сарайына қарай заулай жөнелді.
Бұл алқынып кілем шетіне жеткенде хабарлаушы Тұрлықановты соңғы рет кілемге шақырып жатты. Қарсыласы – өзіне беймәлім беларусь жігіті. Оңтайлы әдісі қайсы, қандай қулығы бар – Дәулет ештеңеден хабарсыз. Балуанға оңы мен солы бір дегендей, айқасқа кірді де кетті. Есін жиып, оңды-солын аңғарған бойда беларусьтің мазасын қашырды. Негізгі уақыт тең аяқталғанымен, қосымша минуттарда беларусь балуаны Тұрлықановтың тегеурініне шыдай алмады.
Бапкерлер бұдан қашқақтап жүр. Арыстанның ашуы басылмай, азуына түсіп қалмайық деп қауіптенетін тәрізді. Ет жақын жігіттер “Келесі белдесу кешкі жетіде, ауқаттанып, тынығып қайтайық”, деп еді. Дәулет ешкімнің сөзіне құлақ аспай, күрес залының бір бұрышына жантая кетті. Ара-арасында Юрий Мельниченко, басқа да шәкірттерін кілемге бастап шығады.
– Дәулет, бір мәрте өзіңді ойлашы, балуандарды кілемге бастап шығуды өзгелерге тапсыр. Қанша күш-қуатыңды сарп етіп, жүйкеңді жұқартасың. Кешке дейін демал, – деп едім. Үн-түнсіз өз дегенін істей берді. Жігіттерді кілемге бастап шығып тыныш отырса, кәнеки. Қым-қиғаш тартыс үстінде шыдай алмай, жан дауысы шыға айқайлап, кілемге шығып кете жаздайды. Бұл аздай, дайындық залында шәкірттерінің қол-аяғын сілкіп, уқалап, шыр-пыр болып жүргені.
Түскі асты ішкен жоқ. Қаншама күш-қуатын шәкірттеріне жұмсады. Кешкі жетідегі белдесудің ақырғы он бес секундына дейін өзінен он жас кіші Гоча Чичиашвилиді ұтып (2:1) тұрды. Қанша жаның сірі, тінің темірдей болса да, бойдағы қуат өлшеулі екен. Асықпай түстеніп, тыңайып қайтқан 22 жастағы Чичиашвили белдесу аяқталуға жеті секунд қалғанда Дәулеттен партерде жатқан екі ұпайды жұлды да кетті.
Бұл сәтсіздік балуанға тым ауыр соқты. Көзінің алды күлтеленіп, денсаулығы сыр берді. Оңашада тілін көрсеткен. Тілінің ортасы ұйыған қан тәрізді қып-қызыл, жиегі ақжемденіп, сарғыш тартып тұр екен. “Алтын” үшін келіп едім. Әрі қарай күреспеймін”, деді түнеріп.
Арада бес минут өткенде Украина, Беларусь мамандары жұбын жазбай келіп, Дәулетті қоршап болды. ССРО-ның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Игорь Кондрацкий (Украина): “Ұлым, осы чемпионаттағы ең сапалы, ең әдемі күрес сенікі болды. Дәл өзіңдей ғажап балуанды өмір бойы аңсаған бапкердің бірі менмін. Ұлым, Атланта олимпиадасының алтын медалін сен жеңіп алмасаң, білмеймін, онда өмір бойы сен үшін мен өкінетін шығармын”, – деп, Дәулетті бауырына басты.
Мықтының мықтыны мойындауы деген осы шығар. Кондрацкийдің ұлы – Александр Одақ біріншіліктерінде Дәулеттің басты қарсыласының бірі болды. Бірақ, әкелі-балалы Кондрацкийлер боз кілемде Тұрлықановты бір рет те жеңе алған жоқ. Ал, бапкер Кондрацкийдің жоғарыдағы сөзі нағыз мәрт азаматтың ғана аузынан шығатын сөз.
… Кей-кейде тоқсан бестің күзіндегі сол бір түс ойға оралады. Тұрлықанов Чичиашвилиді жеңгенде финалға шығар еді. Финал дегеніңіз – кемі күміс медаль. Сол көрген түс пен алақаннан сусып кеткен медальдің арасында бір тылсым сыр жатқан тәрізді көрінеді.
1995 жыл, қыркүйек, қараша.
Қыдырбек Рысбек
Автордың facebook парақшасынан
Пікірлер