Гүлманат Әуелхан. Бұйра-бұйра бұлтқа сіңіп жоғалдық

3446
Adyrna.kz Telegram

Күз айы – сағыныш айы, махаббат айы. Алабұртқан көңілге, аласартқан жүрекке нәзік мұң сыйлап, жабырқаған жаныңа қуат бітірер, елегізген көіңлге сағыныш сыйлар тәтті мезгіл.

«Адырна» Ұлттық порталы осынау сезімге, сағынышқа толы мезгілде жүректері жырға толған ақындардан топтама жырлары ұсынуды қолға алды. Жаңа жыр, жаңа сағыныш лебін сезгіңіз келсе, мархабат! Әдеби ортада өз дауысымен танымал ақын қызымыз Гүлманат Әуелханның күзгі жаңа жырлары.

 

*   *   *

Болашаққа біздер солай жол алдық,

Аппақ,  адал  сезімдерді обал ғып.

Бұлдыр-бұлдыр елестерді қуалап,

Бұйра-бұйра бұлтқа сіңіп жоғалдық.

 

Сезбеппіз-ау,

Көктем ғұмыр өткенін,

Күтіп жүріп саралақаз жеткенін.

Буаз бұлттар қарындарын сүйреткен,

Ақ жауынға айналып бір төккенін.

 

Біздің солай екі айрылған жолымыз,

Тағдырдан ғой, бағымыз да сорымыз.

Қолын бұлғап әлсін-әлсін шақырды,

Сағынышқа толы күз...

 

Біздер мәңгі жолықпайтын шығармыз,

Көңілмен бір толықпайтын шығармыз.

Үміттердің шамы қалғып кеуде де,

Үнсіз қалып тынармыз...

 

Бұла-бұла сезімдерді обал ғып,

Қобалжыдық, қорқынышқа тоналдық.

Құс секілді құба даусын құлатып,

Құрақ-құрақ бұлтқа сіңіп жоғалдық.

*   *   *

Күлімдеп қауашақ ашатын,

Жұпарын жар сала шашатын.

Гүлдердің қып-қысқа тағдыры,

құшағын көктемге ашатын.

 

Сән қосып даламның  көркіне,

Куә боп ғашықтар сертіне.

Хош иіс гүлдерден аңқитын,

Жандардың дауа боп дертіне

 

Секілді жолдарың – жолдарым,

Жаныңның сезінем тоңғанын.

Кімнің бағында солмадың,

Сұлулығың үшін сорладың...

*   *   *

Шексіз сезім құшағында тербелдім,

Қиялымның әлеміне сен келдің.

Бозғылт тұман арасынан қол бұлғап,

Боз үміттің соңына еріп сенделдім.

 

Махаббаттың ұлылығын сезіндім,

Жаның шемен, тұнып тұрған көзің мұң.

Домбыраның әуеніне елітіп,

Шерге толы көңіліммен езілдім.

 

Ебіл-дебіл ақ жаңбырдай егілдім,

Жанымды жеп бара жатты жемір мұң.

Ұйықтап жатқан сезімімді оятып,

Көңілімнің терезесін сен ұрдың...

*   *   *

Көкжиекке қызарып, сіңіп кетті қарбыз күн,

Өзегімді өртейді сағыныштай жалғыз мұң.

Көшіңді жолда қалдырмас, қажыры бекем нар қызбын,

Жанына дауа кім табар,

Жатбауыр болған жалғыздың.

 

Түннің қара шуалшаң етегіндей түрілген,

Үкі болып тіл қатам тәңіріме уілмен.

Үмітімді өңгеріп үнсіздікке жұтылам,

Сырымды айтып шағынып, құшақтасам іңірмен.

 

Айдың сүйіп ажарын, жұлдыздарға тамсандым,

Сұлулықты жыр етіп, бар әлемге жар салдым.

Жүрегіме жинап ап бар махаббат жылуды,

Тебірене теңселіп әдемі бір ән салдым.

 

Шөліркеймін кей шақтар, ой өлкесін кеземін,

Сыздап кейде жүрегім өртенгенде өзегім.

Қарсы жүзем ағысқа, дауылды да елемей,

Буырқанған тірліктің кешіп өтіп өзенін.

 

Көкжиекке қызарып сіңіп кетті қарбыз күн,

Өзегімді өртейді сағыныштай жалғыз мұң,

Көшіңді жолда қалдырмас, қажыры бекем нар қызбын,

Жанына дауа таба алмай, жатбауыр болған жалғызбын...

Көңіл

Кімненде, неден қалмаған көңіл,

Әбжылан болып арбаған көңіл.

Түлкі бұлаңмен алдаған көңіл,

Сонда да серттен танбаған көңіл.

 

Аспанға ұшып өрлеген көңіл,

Үміт боп маздап сөнбеген көңіл.

Шыңыраудан да өлмеген көңіл,

Ізгілік іздеп шөлдеген көңіл.

 

Сайқалдарға еріп сатылған көңіл,

Қиянаттардан аһ ұрған көңіл.

Өз-өзін мұңға батырған көңіл,

Шаршаған көңіл, шатылған көңіл.

 

Шағала болып шарқ ұрған көңіл,

Адасқан көңіл, алқынған көңіл.

Сабыры кейде сарқылған көңіл,

Сыбызғы болып тартылған көңіл.

 

Қобыздай қоңыр күйге енген көңіл,

Қамырдай кейде иленген көңіл.

Жақсыны көріп жадырар көңіл,

Жаманды көріп жиренген көңіл.

 

Жабырқап жүрген жалынсыз көңіл,

Бағаланбайтын қадірсіз көңіл.

Арғымақ көңіл, аққудай көңіл,

Оралмас қайта сағым шын көңіл.

 

Әр сәттен үнсіз сыр ұққан көңіл,

Қызылды көрсе, құныққан көңіл.

Безініп күйбең тіршілігінен,

Жырменен жанды жылытқан көңіл...

 

Автор туралы: Гүлманат Әуелхан 1980 жылы ҚХР-дың Тарбағатай аймағы Толы ауданында дүниеге келген. 2004 жылы ата жұртқа оралған, «Жас толқын», «Қоштасқым келмейді», «Алатау жырлайды» жыр жинақтарына және «Қазақ поэзиясының антологиясына» өлеңдері енгізілген. Республкалық бірнеше мәрте жыр мүшайраларының жүлдегері, 2006 жы Қайнар университетінде өткізілген республикалық жас ақындар жыр мүшайрасының бас жүлдегері, 2007 жылы «Үн» журналы ұйымдастырған «Ақыт Үлімжі және ұлттық рух» атты халықаралық жыр мүшайрасының бас жүлдегері, халықаралық «Шабыт» фестивалінің дипломанты. 2007, 2008, 2009 жылдары «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ», «Әдебиет айдыны» газеттері мен «Жалын», «Жұлдыз», «Жамбыл», «Ақжелкен», «Үн» журналдарына топтама өлеңдері жарияланып, оқырман қауымның жақсы бағасын алған. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің түлегі. Қазақ мемлекеттік қызар педагогикалық университетінің газетінде, республикалық «Сын» журналында қызмет атқарған. 

 

Сурет интернет желісінен

Пікірлер