Ермұхамед Ертісбаев:«Nur Otan», «Ақжол» мен ЖСДП партиясы парламентке өтуі мүмкін

3545
Adyrna.kz Telegram

Саясаттанушы Ермұхамед Ертісбаев  Ғазиз Әбішевтің  «Некурылтай» ютуб арнасына берген сұхбатында АҚШ пен Грузиядағы сайлауға тоқтала келіп, келер жылдың 10 қаңтарында өтетін Қазақстандағы парламенттік сайлауға қатысты да өз ойын білдірді. Саясаттанушының көзқарасы қандай? Қай партиялар парламенттен орын алуы мүмкін? Сонымен Ертісбаев не дейді?

–«Nur Otan» соңғы жарты жылда халықпен тығыз жұмыс істеді. Назарбаев партияны қуатты етіп қайта құрды. Праймериз жасады, еліміздегі жетекші партия  сайлауға белсенді, қызу дайындалды. Бірақ бұл басқа партияларға сайлауда жеңіске жетуге ешқандай мүмкіндік бермейді деген сөз емес.

«Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашев жақында елдің назарын аударарлық мәлімдеме жасады. Қазақстанның сыртқы қарызы  және облыс әкімдерінің «Nur Otan» партиясын басқаруға қатасы болмауы керектігін айтты. Бұл әрине электораттың назарын аудару үшін жасалған мәлімдеме екені түсінікті. Ал партиялар сайлау барысында қандай үндеу жасаса да, Конституцияға қарсы бағытталмауы керек. Мен тұрақтылығымызды  ыдыратын конституциялық ұрандарға қарсымын. (Бұл жерде Ертісбаев мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін орыс тілін Конституциядан алып тастау туралы Қазыбек Исаның пікірін меңзеп отыр).

Ал Қазақстанда коммунистердің болашағын көріп тұрған жоқпын. Бірақ сайлау кампаниясы барысында коммунистер қалай жұміс істейді, оны да көретін боламыз. Тәуелсіздік алған соңғы 29 жылдың ішінде елімізде көзқарасы мүлде бөлек жас буын өсіп келеді. Олар Кеңес Одағын да, КППС –ті де, коммунистік идеяларды  да білмейді. Коммунистердің  уақыты өтіп барады, сайлауда оларға кім дауыс береді, оны білмеймін.

Ал «Ауыл» партиясын кейбір сарапшылар асыра бағалап отырған сияқты. Партия «Ауыл деп аталғасын, ауылдағылардың барлығы оған дауыс береді деген түсінік бар. Мысалы, табысы, дәулеті бар фермер «Ауылға» емес, «Nur Otan»партиясына дауыс  беруі мүмкін. Мұндай мысалдар көптеп кездеседі.

Ал «Бірліктің» атын өзгертіп,  «Адал» партиясына айналуы дұрыс шығар. Оларға «Атамекеннің» барқатар басшылары кірді. Бірақ уақыт өте қысқа. Сондықтан олар парламент сайлауына дейін белсенді  жұмыс жүргізе алады деу қисынсыз. Әрине, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын Тимур Құлыбаев басқарып отыр. Бірақ олар образды түрде айтқанда кейіннен бизнес электоратты ыдыратуы ықтимал. Нақты айтқанда,  «Nur Otan» мен  «Ақжол» арасындағы электоратқа жік салуы мүмкін. Егер бұл жобаны рентабельді деп тапқан жағдайда процесті  бір жыл бұрын бастау керек еді. Ал олар сайлау басталар алдында жаңа партияның жұмысын қалай жандандыра алады? «Бірлік» деген атауы жақсы еді, партия «Адал» деп аталғанмен, саясатта әділеттілік пен адалдық болуы мүмкін емес. Бұл партия аз уақытта белсенді жұмыс істей алады деу күмәнді.

Қазір сондай-ақ «бұл уақытша сайлау болуы мүмкін» деген қауесет әңгімелер жүріп жатыр. «Жаңа Мәжіліс бір екі-жыл өмір сүріп, Конституциялық реформа жасаумен айналысады» деген пікірлерді де естідім. Егер мәселені осы тұрғыдан қарасақ, «Адал» партиясы болашақты көздеп отыруы мүмкін. Әзірге олардың нақты әлеуметтік-саяси тұғырнамасы мен бағдарламасын көрген жоқпын.  Олар өздерін бизнес партиясы, образды түрде айтқанда,буржуазиялық демократиялық партия ретінде көрсеткісі келе ме? ТМД көлемінде әлі мұндай партия жоқ.

Егер шын мәнінде Қазақстанның іскерлік ортасы, бизнес элитасы биліктіалғысы  келетін болса, жоғарыдан емес, төменнен бастап әрекет етуі керек.Тасада тұрып тірлік етуге болмайды. Ұйымдастыру жұмысын ауылдан, аудан мен облыстан бастасын. Жоғарыдан келіп, партияның атауын аяқ астынан өзгертіп, сайлауға қатысу бұл саясат емес. Әлеуметтік желі арқылы қуатты партия құру мүмкін емес. Әлеуметтік желі, интернет немесе виртуальды жұмыслидерлердің халықпен бетпе бет кездесуін ешқашан алмастыра алмайды. Әрине, әлеуметтік желіні де мүмкіндігінше пайдалану керек. Бәрін уақыт көрсетер.

Менің болжамымша, «Nur Otan»,«Ақжол» және ЖСДП партиясы парламентке өтуі мүмкін.  Олардың электораты «Адал» үшін дауыс бермейді. Сайлауға дейін екі ай қалды, бұл «Адал» үшін аз, ал ЖСДП үшін көп уақыт.

Билік партиясы «Nur Otan» қазірден бастап сайлауға дайын. Алдағы аудандық, облыстық мәслихат пен парламенттік сайлауда «Nur Otan»,» партиясының 80 пайызы жаңаруы мүмкін. Бұл қазіргі уақытта  аса маңызды.

Егер сайлаушылардың 60 пайызы дауыс беруге келсе, бұл өте жоғары көрсеткіш. Егер шын мәнінде сайлауда билік жаппай заң бұзушылыққа жол берсе, онда бұқараның наразылығы өршиді. Қазір бірқатар топ «сайлауға байкот жариялаймыз» деп ұрандатып жатыр. Бірақ халықдұрыс түсінгені абзал. Байкот ешқандай пайда бермейді.

Еркін ҚАЛДАН,

«Адырна» ұлттық порталы.

Фото ашық дереккөзден алынды.

 

Пікірлер