Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. Өмір иісі бұрқыраған Көктем!

3103
Adyrna.kz Telegram

О, Туған Жер,

Сенсіз кіммін мен?
Сорлап бір жүрген сұмдаймын.
Сондықтан,
ақыл айтқыш жұрттан гөрі, қуарған қурайыңды тыңдаймын.
Шөңгеңді ойлай қалсам да,
бал тати кетеді
көкірегім түбіне тұнған удай мұң.

Адастырмас үшін жол бұраң,
Ақылым ішіне қыраныңның шаңқылы
мен
арланыңның ырылын да алдырам.
Ағыл-тегіл күй шерте бастасам Сен жәйлі,
арқарыңа айнала кеткісі келеді қойішекті домбырам.

Тау-тасың, өзен-тоғайың – көктекті Қамбарым.
Жадыма қуат үстейді – жабайы бұлттарыңа арбалу.
Күйініп жүрсем де, күрсінбеуге тырысам,
күңірене жөнелмесі үшін күншілік жердегі балбалың.

Байқаусызда, кесірткеңнің құйрығын басып өтсем де,
таба алмай қалам кеудемдегі жаннан мән.
Титімдей осырақ қоңызың үшін де – Ойсыл Қарадай тәубам бар.
О, Туған Жер,
Мен
бір уыс топырағыңды құнарландыруға жарарлық
нәжіс болудан да арланбан.

Жусаныңның тынысынан жаратылған-ды – жүрегімдегі тақсыр-Ар.
Аман-саулығыңды соңыра сүйегіме де тапсырам.
О Туған Жер,
Өзіңді аңсағандағы Ойларым –
– масаларыңның ызыңынан да самала тоқи алатын бақсылар...

***
МЕН КІММІН?

Мен кіммін?
Ата Тілін дүбәра ұрпағы жаялық еткен - бір ұлтпын.
Құрсағында болашақтың қайырлы Күні күшенген - Ымыртпын.
Қоңыр мінезімдегі қоңыр төзіммен -
қожаланған барша арсыз қонағымның да келеді
мейірімін тірілткім.

Мен кіммін?
Жер-Анасын бөгде саудагерлер күң еткен бір елмін.
Арыстарымды ардақтатқан ажалмен - түгелмін.
Көз жасымның көсегелі тамшыларын алақанымда жайқалтып,
айдай әлемнің де амандығын тілермін.

Мен кіммін?
Кәдімгі бір қазақпын.
Мұң іздеп қайтем, Қазақ тірлігінің өзі-ақ - мұң.
Ол мұң Тәңіріге бірде ыңылдай қалса,
топырағы да гүлдеп кетеді Тозақтың...

* * *
О-оо, Туған Жер,
нажағайлы бұлттарың – тауларыңның көкпары...
Маңырағыңның құмалағына дейін пәк – бәрі.
Мені де жұпар Ақын еткен күш –
– періште-гүлдеріңнен хат тану!

Шалшығыңды да өппек ерінім, сезерім –
– сайыңдағы сасырыңа да ынтық көз-ерін.
Көкірегім арқылы ағады әрбір өзенің.
Мен үшін,
қақаған қыста
шеңгеліңді де алақаныма алып жылыта алмауымның өзі – өлім.

Саған барарда,
қашанда,
өзімді ұятпен талай өртеп ем.
Әр жәндігің – мәртебем.
Біреуге бір ауыз жаман сөз айта қалсам,
жанартау болып атқылауы да мүмкін әр төбең!

Қаныммен біртекті – қойны-қонышыңдағы қызыл алша-өлең.
Сенсің – Күннен кейінгі ең шебер.
Егер,
Өзіңе өкпелегендегі көз жасым да өлшенер болса,
Көктеміңнің шуағымен ғана өлшенер!

Өтінем, ешкімнің алдында кішірме!
Бақытымды нұсқап тұрады – бақаңдағы бадырақ пішін де...
Аяулы Атамекенім,
Мені Сені
О Дүниеде де көрермін түсімде!

* * *
Тыныштық.
Түн. Қала.
Уақыт жоқ.
Мұң ғана.
Самұрақ-таңның үстінде – жасылшашты еркек Күн-Бала!..

Жан мен тән.
Көк пен Жер.
Су мен нан.
От пен жел...
Бұ Дүние – ғұмырдың көз жасы кепкенше.
Өмір не?
Мен кіммін?
Ақыл жоқ.
Еңкіл-мұң.
Айдаһар-іңір үстінде – күлгіншашты Кемпір-Күн...

* * *
Өмір иісі бұрқыраған Көктем!
Желеп-жебейтін пір сонда!
Адамдық Ар аңқиды жусан да!
Мендік ми да көктемдік қошынан айырылмас,
қайран шешемді қаңтар мұзында жалаңаяқ жоқтап тұрсам да!

Күн жарықтық жұпар самаласын төккенде,
әр тамырынан гүл иісін бөліп шығарады өкпем де!
Мен, тіпті, жұлдызға кетсем де айналып,
бәрібір,
Жер бетіне келіп өмір сүрер ем Көктемде!

Масайған кезімде көңілдің аңқыған булы майынан,
хайуан болғым да келеді, шалғынға ойша жайыла!..
Көктемде,
ғашық жігіттің көзіндегі жұпар алау да
маңдайлы бала бітіреді әулие қыздың бойына!..

* * *
Көркем мінезсіз қоғам – қапас тар.
Көктемде жауған мына қар да – оғаш қар.
Дәл өзім секілді жыларман күйде,
көз көрмеске көшіп кеткісі келген ағаштар.

Күн жарығы да – тоңғақ нұр.
Көк пен Жерді дір-дір жалғап тұр.
Үміт шырынын тамсасам, шіркін, таңдаймен!
Бұ Дүниедегі ең тәтті!..

Сіңіп-ақ кетсе ед үт қанға.
Темір де – тотығымен бүрленеді, ұққанға.
Бұлт жасыны жарқ-жұрқ тұтанар,
су сәулелері топырақтан қаулап шыққанда!
Ауада да сансыз бүршік бар.
Әр мөлдірі үйретеді шымшыққа ән.
Қу сүйектің де гүлдеп кеткісі келеді,
құлпытас астында тұншыққан...

* * *
Жолда келем.
Туғанымнан жолдамын.
Жолдасым жоқ.
Жалғыз өзім.
Ол да – мұң.
Құлағына құя алмадым жырымды,
араб сөзін құдай көрген молданың.
Пұтханаға кірдім жолай түсімде.
«Мұңым – шарап.
Құйып берем.
Ішіңдер!..»
Қарады да қойды маған,
мөлие
мүсіндерге жалбарынған мүсіндер.
Шіркеу бардым.
Меңірейген құла маң.
Түрткіленген түлендері дін аман.
Қою мұңымның сезе қойып жұпарын,
қоңырауы ғана... өксіп-өксіп жылаған.

Менім үшін ештеңе жоқ құны кем.
Аңдап көрсем, өзіме өзім пір екем.
Қайда барып, қандай жолға түссем де,
Киіз Үйдің ішін шарлап жүр екем.
Ойнай берсін жасыл жаңбыр, көк боран.
Қайран көңіл – Жаратушы Хаққа алаң.
Бүкіл әлем жайнап жатқан ішінде
Киіз Үйім –
– менің ғиба...датханам!

Маған бәрібір – алтын ба, әлде, қола ма.
Пенделерше тірлік етсем, сол – обал.
Бір білгенім –
– бұдүниелік жолдардың
бәрі барып тоғысады молада.

Жадым ғана – мәңгі өлмейтін мәрт ұлық.
Әр сөзінен құлпырады әр қылық...
Сықырлауықтан тән шыққанда,
Шаңырақтан
Жан жарықтық Күнге кетер тартылып!..

* * *
Қазақтың текті Топырағынан жаралған,
Қазақтың мейірлі Күнінен нәр алған,
Қазақтың қайырлы Суын ішіп, қасиетті Ауасымен дем алған,
беу, рақметсіз безбүйрек Қалаларым менің,
Қазаққа кекірея аларған!..

Тұрғындарың - көкала ақша қуып шүлдірлеген кіл пенде.
Мен – Түз ұлымын.
Мемлекеттік асыл Тіл - менде.
Беу, безбүйрек Қалаларым-ай,
қона жатарлық таза жер де таба алмаймын,
жын шамдары етектеріңді түргенде!

Сендерге деген аянышым Санамды өткірлер!
Көкірегімде жұпар кек бүрлер!
Беу, рақметсіз безбүйрек Қалаларым менің,
бір күні тәубаларыңа түсіреді көк пірлер!
Құрт-құмырсқасынан Қыдырына дейін,
пәруәнасынан Періштесіне дейін емін-еркін таза өмір сүретін
алтыншаңырақты, күмісуықты Киіз Үйімнен садаға кеткірлер!

***
БАБАМНАН ҚАЛҒАН БІР АҢЫЗ

Мен – адамның сырттаны ем.
Жау тітіреткен жарақты жұрттан ем!
Қайратым – жасын ойнатқан бұлтты әлем!..
Күндізгі сырласым – дана Күн.
Түңгі сырласым – балаң Ай.
Серігім –
– қасқыр сырттанын да қан қақсатқан алабай.
Жүрген бір шағым – хан қызына да қарамай!..

... Аламан-бәйге.
Алты ай баптағаным – «Алдакел».
Жүз жүйрігін қосты Қазақпен бәстес Қалмақ-ел.
Шарт бойынша,
«Алдакелім» келсе бірінші,
қоңтайшы қызын алмақ ем.

Ұлан-асыр той!
Көлдей сапырылған қымыз!
Бөз, бұлғын...
Ақын мен әнші!.. атақты шешен!..
Сөз – қырғын!..
Қыз көрдім сонда, шақырған мені күреске!
Перінің қызы-ау!..
Айбаты – сұмдық, көз – күлгін!..
Шап беріп ұстап белімнен!..
Қимылы ұқсас бимен де!..
Қалмаған сынды қарсыласып бағар күй менде!..
Алайда, бірден ғайып боп кетті ол, ауадай,
бөксесіне қолым тигенде!..

Таң қалдым, шошып!..
Ақшам ба, әлде, әйбәт таң?..
Татып та үлгердім бе гүл сүтіндегі қаймақтан!..
Кернейлер үні уақыттың да желін тоқтатып,
көріне кетті көмбеге еліре шапқан бәйге аттар!..

Аламан-бәйге!
Алуан ұран салмақ ел!..
Жалғыздан-жалғыз қара үзіп келді «Алдакел»!
Мен, бірақ, сонда Аспанға бөркім атсам да,
пері қызымен кетіп қалмақ ем...

Перінің қызы!..
Олайша мені кім сынар?
Көзіме көрінген көкірегімдегі мұң шығар?..
Бәйгеден кейін жар етіп алдым ғұмырлық,
қоңтайшы қызын, сыңсыған.

Десем де Тәңірім жол оңдар,
Әлі күнге дейін әлденеге көңілім алаңдар.
Білмеймін қалай,
Белдесе кеткен сол тойда
сол пері қызына тартқан балам бар!..

***

ЫРЫМ

«Тағы да бір мұңлы күн өтті» дейді күнтізбе.
Қайдан пайда болады мұң бізде?
Қайдан пайда болушы ед,
сүйісуге машық болғанымызбен,
бір-бірімізге ғашық бола алмай жүрміз де!
Сәбидің сықылығындай қасиетті – әр ұғым.
Көктемде балғын нұр төгеді кәрі Күн.
Қолыңнан келсе, жауыңның да Жанын нұрландыр.
Саған да түсер Жарығы!
Табиғат заңы да – сол, қарағым,
Үйіңдегі зат екеш зат та – құдайы қонағың!
Ал, жамандардың байрағы – жақсылардың балағы...».

Күнде таңертең осылайша күбірлеп өзіме,
уақыттың жапырағындай көріп сүйемін күнтізбенің кезекті бір парағын.

***
ӘЗӘЗІЛ

Ай, осы мінезім-ай!..
Толғақ қысқандай ышқына толғанып отырғанымда,
Кенеттен,
санам ішінде аяғы ауыр Ой Періштесі босанып!..
бұрқырай жөнеледі әулиеге тән қош анық!..
Ғайыптан,
Жаз жапырақтары да жайқалта шұғыла тоқысып Күн асты,
Ұмай қаздары алты құбылаға көркем сермелеп құлашты!..
Заматта,
шамдары да адасып жүрген Түнге енем!..
Ай ернінен де сүйген жын көрем!..
Әлдеқайда алып ұшып өзімді, ажалға да көнбейтін мұңлы Өлең,
Күзге де өтіп үлгерем!..
Топ ете түсем, топырақ пен аяз қызыл ұйыққан Қысқа да!
Айналып та кетем,
көмейінен Көктем тыныстаған алып Құсқа да!
Көңілге жарқ-жұрқ елестеп тәңірлік Маусым да Бесінші!..
Гүлдер де жұпарына дейін шешінсін!..
Со кезде...
Құдайды да тыңдай қалам, не сөз айтар екен деп!
Сайтаныма да ымдай қалам, қайтер екен деп...
Солайша ышқына толғанып отырғанымда,
Кенеттен,
Санам ішінде удай мәй ішіп,
қойнынан алма алып бере қойғысы келеді маған,
Жайнаңкөз бір қыз, майысып...

* * *
Бүгін тағы қар жауды.
Ең тиімді тәсілі ол – Көктем мінезін болжаудың.
Сондай-ақ,
Қысты қимай, аздап қамығу.
Әппақ, жарық у!..

Ауа – сап-салқын.
Ойларымды оятпақшы ақжарқын.
Сондай-ақ,
Көктемге асық үміт ұшқыны да – ұшқыр тым...
Уақыт дәмі – қышқылтым...
Келсе де Дүниені жасылға бояғым,
Ыс басқан қала тірлігі, баяғы...
Сондай-ақ,
Ағаштар – тірі ескерткіш.
Қиялым ғана – дүниені өзгерткіш.
Дүр-дүр сілкініп те алам, мұздан жаратылған жындыдай.
Жақ жүні үрпиген Күн-Құдай.

Сондай-ақ,
Көзі атыздай Көңіл, қорланғыш!
Көкірек ішінде тыпырлаған арман-құс...
Таяуда, Қыс пен Көктем кейпінде,
Сүйісе де кетеді шал мен қыз!..

* * *
Іңірді сүйем.
Қызылын.
О-дағы – тірі түзілім.
Құдды бір ертек... үзінді.
Құбылтар салқын жүзіңді.

Іңірді сүйем, жын көшкен.
Жынына мұңым мінгескен.
Күндізгі тірлік – көлеңке.
Сыбырлап сұлу өлеңге...
Іңірді сүйем айкөзді.
Мен ғана шығар ойкезді.
Балалық шағым күрсініп,
Қас-қағым бір сәт – күншілік...

Іңірді сүйем.
Күлген шам.
Үрейім – жәй бір үрген шар.
Жазмышым – шөптің тарихы.
Санама қонақ – сары ұйқы.
Іңірді сүйем...
Жұлдызын...
Құдайдың аңдап түнгі ізін..
Ғұмырдан тым аз таттым бал.
Күнменен бірге кеткім бар?..

* * *
Тәжсініп шекпен біткен...
Түңілдім өктемдіктен.
Ақпан, ол – абыржулы.
Біздің хәл – көктем күткен.

Еһ, шіркін, айхай-жаңбыр!..
Жасындай марқайсам бір!..
Сонсоң, жауқазын иіскей сала,
Жазды аңсаймын!..

Әр сезім – бір сәт, ынтық.
Көңілдің – тұмса бұлты...
Көзді ашып-жұмғаныңша,
Күз сағынтып...
Жан – сары, боямай-ақ.
Көрмеген қоғам аяп.
Қозған Ай қарға аунайды,
Жалаңбұт, жалаңаяқ.

Өтерсің қай парызды,
Бұ Жалған – сайтан ізгі...
О-оо, маңыранған сорлы тірлік,
Айналма қой тәрізді...
Басқа Бақ қонса тағы,
Басталар сор шатағы...
Қайта оралса екен қайран балалығым,
Мейлі, қайғылы болса-дағы.

* * *
Ақпан ауасының дәмі жауқазын татып таңдайға,
Ертеңнің бұлдыр елесін Күн нұры дарытып маңдайға...
Әзірше, осындай бір Қыс күрең.
Қарап тұрмын Семейіме.
Үстінен.

6500 жастағы баламын.
Көңілдің көкшіл ішіп шарабын,
қарап қоямын өткен ғасырға да бұрылып.
Шыңғыстау жақтан – жылылық.
Жадым ішінде – жәннәт қымызынан ұрттаған мұртты балбалдар тұр әлі.
Қалтамнан қоңыраулатқан – шайтанның ізгі құралы.
Жұрттың бәрі – саудагер.
Болашақта едім, кешіктім...
Керней еткім келеді мұнарасын мешіттің!..

ХХІ-ғасыр.
Үй төбесінде қорқоршы мұржа қонжиып...
Қала шалжиып...
Өмір өзгереді деген жын да өлді.
Батыстан шығарсам қайтеді Күнді енді?..

Әйтеуір, өзгеріс керек бір керім!
Білінбей булана, уланып жатыр күйкі өмір.
Ауыздан атылып шығып кеткісі бар,
еркін сөйлеуге құштар мүше–тіл.
Қалғыған қарт бәйтерек басында жалғызкөзді құс отыр!..

Дегенмен, мейірімдене қар жылап,
Сүйісе кетеді мөлдір тамшылар.
Енді, сөйлеу керек қышырлаған тіспен де,
осылайша, ғарыштан Жерге түскенде...

Пікірлер