Тұрарбек Құсайынов: Мешіт - Алланың үйі емес

4946
Adyrna.kz Telegram

Менің "ораза айы кезіндегі пітір-садақаны", қазақшалап айтсам, қайырымдылық көмекті мешітке емес, мұқтаж жандарға, яки әділетсіз сотталған саяси тұтқындардың отбасына беру керектігі туралы ұсынысыма қарсы діншіл санадағы адамдар дөрекі формада жекеме әртүрлі боқтық сөздер жазып жатыр. Діншілдердің негізгі аргументі "пітір-садақаны" тек Алланың үйі - мешітке беру керек, яғни түскен қаржыны имам-молдалар кедейлерге өздері таратады деген уәж айтыпты.

Соған байланысты халық арасындағы діни-саяси топтардың догмалық түсініктеріне тойтарыс беру үшін мынаны айтқым келеді:

МЕШІТ - АЛЛАНЫҢ ҮЙІ емес, ал сол сияқты

ҚҰРАН ДА -АЛЛАНЫҢ СӨЗІ емес.

Жаратушы-Тәңір біздің ой-көзқарасымыздағы мұндай адами-пенделік ұғымдардан пәк және ада.
Тәурат, Забур, Інжіл, Құран немесе басқа да идеологиялық-теологиялық кітаптар жер-жаһандағы әлем халықтарын жалпыадамзаттық моральдық-этикалық ұстанымға насихаттайды және аталмыш этикалық кітаптар галактика, жер, күн, ай, жұлдыз, су-мұхит пен басқа да планеталар сияқты бар болғаны Жаратушы-Тәңірдің жаратылыстары.
Мешіт Алланың үйі және Құран Алланың сөзі деген діни догма "мұсылмандарға" Иса пайғамбар Құдайдың сөзі (арабша кәлима) мен рухы болған деген түсінік арқылы, яғни христиан дініндегі католик-рим шіркеуінің өзгеше ойлайтын мыңдаған адамды тірідей өртететіп, геноцид жасатқан діни доктринасынан енгенін көбі біле бермейді.
(Ниса сүресі,171-аят)
Шындығында, Құран ілімі бойынша бүткіл ғалам Жаратушысының құдіреті шексіз, Ол ешқандай ғибадатханаға мұқтаж емес, яғни «мешіт – Құдайдың үйі» емес. Адамзаттың кие түсінігі тек қана Тәңір-Құдайға ғана лайықты. Түркілік өркениеттің қайнар бұлағынан нәр алған Ибрахим пайғамбардан бастау алған бірқұдайшыл дінді насихаттаған Мұса, Иса, Мұхаммед немесе біз білмейтін басқа да пайғамбарлар да жалғыз Тәңір-Құдайды бәрін білуші, бәрін көруші деп таныды, ұлы Жаратушының барлық жердегі мәңгі құдыретіне иман келтірді. Жаратылғандар қай жаққа бет түзесе де, олар Тәңір-Құдайды табады. Сондықтан да мен тарихта адамзат өркениетін қалыптастырған атақты ойшыл-философтар,жаратылыстану (физика, математика, химия, биология, медицина, т.б) мен гуманитарлық ғылымның негізін салушылар - адами/этикалық нормаларды насихаттаушы елші-пайғамбарлардың бедел-дәрежесінен кем және еш төмен емес деп есептеймін.

Тұрарбек ҚҰСАЙЫНОВ, 

"Демос" ҚБ төрағасы

(Автордың көзқарасы редакция ұстанымын білдірмейді, бұл тақырып бойынша қарсы тараптың да материалдарын жариялауға әзірміз).

Пікірлер