Айбар Олжаев: Созаемщик (қосалқы борышкер) боласыз ба?

3623
Adyrna.kz Telegram
Бұл — көбіміздің басынан өткен, көбімізге қойылған сұрақ. Ипотека алғысы келген жақын туысыңыз, досыңыз, танысыңыз табысы жетпей банк "созаемщик алып келіңіз" деп жібергенде, сізден көмек сұрап келуі мүмкін.
Созаемщик болудың қандай жауапкершілігі бар?
Егер мүмкіндігіңіз жетіп тұрса, жақын адамға көмек қолын созған дұрыс. Сіз оған ғана емес, оның отбасына да шапағатыңызды тигізесіз. Ал егер моральдік жағын алып тастап, практикалық тұрғыдан қарасақ, сіз үшін бұл қадамның үлкен тәуекелдері де бар:
1. Қарызды теңдей алып отырсыздар деп есептеледі. Егер ол адам қарызын қайтара алмаса, банк сізді де жауапқа тартады.
2. Сізде де ипотека бар деп есептеледі. Онда өзіңіз "7-20-25", "Баспана хит" сынды бағдарламалармен несие ала алмайсыз.
3. Ипотека уақытылы төленбесе, сіздің де несие тарихыңыз бұзылатын болады.
Созаемщик пе, гарант па?
Осы екі ұғымды көбіміз бір нәрсе деп ойлаймыз. Ол дұрыс емес. Гаранттың шарттары басқа. Созаемщик туралы жоғарыда айттым. Ал гаранттың одан айырмашылығы - ол несиенің уақытылы қайтарылуына өзі тарапынан кепіл береді. Бірақ ол қарыз алушы санатына жатпайды. Сондықтан гарантта ипотека бар деп есептелмейді.
Бірақ тиісінше, негізгі қарыз алушы кредитті қайтара алмай жатса, банк алдында гарант та жауап береді.
Айбар ОЛЖАЕВ,
"Адырна" ұлттық порталы.
Пікірлер