Арабтардың жасанды жауыны Жайықты құртқалы тұр

6566
Adyrna.kz Telegram

Жайық өзенінің алаңдатқан жайы туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жауап қатты. "Табиғи апат" делінген. Алайда заңгер Сағнадин Жұмағазы Жайықтың тартылуына қатысты өз пікірімен бөлісті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі хабарлағандай, соңғы жылдары Жайық (Орал) өзені суының​ азаюына байланысты оның экологиялық жағдайы ерекше алаңдаушылық тудырып отыр.​

Өткен ғасырдың 70-жылдарынан бастап Жайық өзеніндегі су ағынының көлемі біртіндеп азайып келеді. Мұның бірнеше себептері бар.

Біріншіден, бұл Жайық өзенінің бассейнінде аз сулы кезең циклінің басталуына байланысты.​ Бұл өзендердегі су деңгейі төмендеуінің жиілеуі кезеңіне,​ бассейндегі ағынды реттеуге, жерді жыртуға және орманды кесуге байланысты өзеннің гидрографиялық желісінің​ нашарлауына әсер ететін климаттық факторлар.

Жайық өзені бассейніндегі су​ жағдайын жақсарту бойынша​ шаралар қабылдау үшін ресей тарапымен Жайық өзенінің гидрологиялық режиміне бірлескен зерттеулер жүргізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.​

Осы мақсатта 2020 жылғы қазанда ірі өзендер бассейндерінде (Жайық, Ертіс және басқалары) зерттеулер жүргізу бойынша ынтымақтастықты жандандырудың Бірыңғай жол картасы және оның тармақтарының орындалу мерзімдері мен оларды ұйымдастыру нысандарын нақтылаумен іс-шараларды іске асырудың жұмыс кестесі бекітілді.

Қазіргі уақытта қазақстандық және ресейлік сарапшылар бірыңғай Жол картасын жүзеге асыруға кірісті,-делінген министрліктің ресми сайтында.

Жайылған Жайықтың жойылып бара жатқаны дүйім жұртты алаңдатып отыр. Заңгеріміздің пікірі бойынша, өзгелердің жасанды іс әрекеттері бізге қатты зиянын тигізіп жатыр.

"Биыл арабтар өз елінде жасанды жауын тудырғаны бәрімізге мәлім. Тіпті елдерін топан су басты емес пе?

Менің ойымша солардың әрекеттерінің салдарынан табиғи үйлесімділік бұзылды да, соңы табиғи апатқа әкеліп соқты. Бұл сөзсіз. Ал енді әлемдік экологтар осыған тосқауыл қойып, араб әміршілігіне тіпті санкция жариялауы керек деп ойлаймын,- деді "Адырна" тілшісіне.

Сондай-ақ, заңгер келешекте бай мемлекеттер қатарына мұнайлы елдер емес, табиғи сұлулыққа ие, суы,өзені көп елдер кіреді деп топшалайды.

"Біздің ағаларымыз өз қарабастарын ойламай, ата-бабадан қалған мирасты қорғаштауға бел буулары керек. Менің ойымша келешектегі бай мемлекет мұнайы бар мемлекет емес, керісінше суы көп, өзені мен көлі көп мемлекет ең мықты ел болады. Мысалы алақандай Исландияны ала салайықшы...",- деді Сағнадин Жұмағазы.

"Адырна" ұлттық порталы 

 

 

Пікірлер