Еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жасаған ақша операциялары заң негізінде бақыланып отыратын тұлғалар тізімінде болуы керек. Сенатор Мұрат Бақтиярұлы жаңа заң жобасына қатысты осылай жауап берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы "malim.kz-ке "сілтеме жасап.
Кеше Сенат “Қылмыстық жолмен және терроризмді қаржыландыру арқылы келетін табысты заңдастырумен (ізін жасыру) қарсы күрес сұрақтары бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілерін өзгерту мен толықтырулар енгізу туралы” заң қабылдап, құжат қол қою үшін Президентке жіберілді.
Сенаттың пленарлық отырысында Ольга Перепечина бұл құжаттың заңсыз табыстың ізін жасыру әрекеттерін азайту мен осы әрекетке қарсы жүйенің тиімділігін арттыруға бағытталғанын айтты.
– Қазақстан Республикасының жария лауазымды азаматтары жасаған ақша және өзге де мүлік операцияларын заң негізінде бақылау орнату үшін кезең-кезеңімен “Жария лауазымды тұлға” түсінігін қалыптастырып, жария лауазымды азаматтар институтын құру ұсынылады. Бұл азаматтар тізімін президент бекітіп, қаржылық мониторинг агенттігі жария лауазымды тұлғалар мен олардың жолдастары, жақын туыстарының тізімін жүргізеді. Мониторингтің бұл түрі жемқорлыққа қарсы күрес үшін де пайдалы болмақ”, - деді Перепечина палата отырысында.
БАҚ өкілдерінің жария лауазымды тұлғалар тізімі қалай жасалып, тізімге кімдер кіретініне қатысты сұрағына сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы жария лауазымды азаматтардың бәрі тізімде болады деп жауап берді. Оның сөзінше, бұл тізімде депутаттар, үкімет мүшелері мен әкімдер мен қатар Елбасы да міндетті түрде болуы керек екен.
Журналистің “Бұл тізімді неліктен депутаттар емес, Президент бекітуі керек?” — деген сұрағына Бақтиярұлы заң жобасын жасаушы - мәжіліс депутаттарына жүгінуді ұсынды.
Егер Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа заң жобасына еш өзгеріссіз қол қоятын болса, жария лауазымды тұлғалар тізіміне экс-президенттің кіріп-кірмеуін де өзі шешуі керек болады.
"Адырна" ұлттық порталы