Астанадағы балабақшада күш көрсету дерегі. Тәрбиеші жазадан сытылды

2066
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/5lj43ZWvyhP3IIYadTSmkuP62euoVIvkP9XjtXdD.jpg

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты балабақшада тәрбиеленушіге күш қолданған әйелді Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 80 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасын тағайындады, деп хабарлайды "Адырна". 

 

 Іс материалдарына сәйкес, 2025 жылғы қаңтар–ақпан айларында тәрбиеші ретінде жұмыс істеген әйел бірнеше рет балаға күш көрсеткен. Бейнебақылау жазбаларынан баланы ұру, итеру және өзге де дөрекі әрекеттер анық көрініс тапқан. Бұл оның физикалық ауырсынуына және жылауына себеп болған.

"Сотта айыпталушының кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сараптама қорытындысымен және бейнематериалдармен дәлелденді. Сотталушы кінәсін толық мойындап, соттан жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

Мемлекеттік айыптаушы 80 сағат қоғамдық жұмыс тағайындап, амнистияны қолдануды және балалармен жұмыс істеу құқығынан айыруды сұрады. Ал жәбірленуші тарап істі неғұрлым ауыр баппен қарауды және моральдық зиянның өтелуін талап етті", - делінген ақпаратта.

Сот айыпталушының кәмелетке толмаған баласы бар екенін және оң мінездемесін жеңілдететін мән-жай ретінде ескеріп, қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындады.

Алайда, 2025 жылғы 23 маусымдағы «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңға сәйкес, әйел тағайындалған жазадан босатылды.

Жәбірленуші тараптың моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талабы ішінара қанағаттандырылды.

댓글
기타 기사