16 жылдан кейін. Каталония соты Назарбаевтар отбасын қоғамдық жолды ашуға міндеттеді

1301
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/G5IvM4ZZbvF48OEnWIPV5l6HahWR2j6WaQF5QGIe.webp

2023 жылдың тамызында Каталонияның жоғарғы соты Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасына тиесілі Испаниядағы Can Juncadella вилласы маңындағы жаяу жүргіншілер жолын көпшілікке ашуға міндеттеді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Бұл вилла — Жерорта теңізі жағалауындағы Льорет-де-Мар қаласының маңында орналасқан зәулім үй. Ол Назарбаевтың қызы — Динара Құлыбаеваның иелігінде.

2007 жылдан бері жергілікті тұрғындар мен туристер Коста-Брава бойындағы тарихи Ками-де-Ронда жаяу жолымен еркін жүре алмай келген. Себебі, вилла аумағынан өтетін жол учаскесін күзетушілер жауып тастаған. Қару ұстаған, камуфляж киген күзетші спортшыларды кері қайтарып, бұл аумақтың жеке меншік екенін айтқан жағдайлар тіркелген.

Вилланың өзі — 3200 шаршы метрлік, ішкі құрылымында 17 жатын бөлме, 25 жуынатын бөлме, түнгі клуб, бассейн, сауна, кино залы, шаштараз және автотұрақ бар сән-салтанатты кешен. Айналасы — шамамен 20 гектар орманды алқап.

Жергілікті экологиялық ұйымдар мен тұрғындар 15 жыл бойы заңсыз құрылыс пен жолды жабуға қарсы күресіп, сотқа бірнеше рет жүгінген. Нәтижесінде 2021 жылы Каталония соты жолды қайта ашу туралы шешім шығарған. Бұл шешім 2023 жылғы шілдеде күшіне енді. Сол жылы вилла маңында 100-ге жуық адам қатысқан наразылық шеруі өтті. “Camins Públics Ja!” («Қоғамдық жолдар қазір ашылсын!») деген жазуы бар плакаттар ұстап шыққан тұрғындардың бір бөлігі тіпті қоршаудан өтіп кеткен. Қыркүйекте жергілікті белсенділер жолмен еркін жүргенін көрсететін видео YouTube платформасында жариялады.

Бұл жағдай Қазақстандағы ұқсас мәселемен үндес. 2025 жылғы 17 шілдеде мәжіліс депутаттары Бақытжан Базарбек пен Сергей Пономарев Алматы қаласындағы Әлмерек көшесінің көпшілік жүретін бөлігі жабылып қалғанын анықтады. Аталған жер учаскесі — 6,25 гектар — 2014 жылдан бастап Динара Құлыбаеваның атына тіркелген. Жергілікті тұрғындар бұрын осы жолмен Навои көшесіне тікелей өтетін болса, енді айналма жолмен 20 минут артық жүруге мәжбүр.

Аумағы биік дуалмен қоршалған, кіру шектелген. Күзетшілер бұл жерге соңғы үш жылда иесінің келмегенін айтқан.

댓글
기타 기사