1 тамызда Мейірлан Раханов Абай облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Осыған дейін ол Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне қарасты Ақпарат комитетінің төрағасы қызметін атқарған. Аталған қызметтен жақында босатылған болатын.
Мейрлан Раханов 1988 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Қарағанды экономикалық университетін тәмамдаған.
Еңбек жолын 2011 жылы Қарағанды қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінде бастаған. 2012 жылы Қарағанды облыстық Салық басқармасында жетекші маман болып қызмет етті. Кейін Қарағанды облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасында бас маман лауазымында жұмыс істеген.
2013–2016 жылдары ҚР Ақпарат комитетінің баспасөз басылымдары басқармасында сарапшы, бас сарапшы ретінде еңбек етті. 2016 жылдан 2021 жылға дейін Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметінде сарапшы, консультант, инспектор лауазымдарын атқарды.
2021 жылдың шілдесінен 2023 жылдың желтоқсанына дейін Президент баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі болды. 2024 жылдың қаңтар айында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанындағы Ақпарат комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалған.