Қазақстанда кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыс жасағандарға қолданылатын химиялық кастрация тәртібіне өзгеріс енгізілмек, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі бастамашы болған заң жобасы “Ашық НҚА” порталында жарияланып, 18 тамызға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылған.
Жоба аясында жазасын өтеп жатқан адамдарға қатысты мынадай нақты тәртіп енгізу қарастырылған:
Сот-психиатриялық сараптама тағайындау үшін түзеу мекемесі әкімшілігі сотқа материалдарды жазасын өтеу мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 12 ай бұрын жолдауы тиіс.
Химиялық кастрация жазасын өтеуші түрмеден босап шығуына 6 ай қалғанда қолданылуы керек.
Бұл өзгерістер жыныстық қылмыстардың қайталануын болдырмауға бағытталған.
Айта кетейік, Қазақстанда химиялық кастрация шарасы 18 жасқа толған, кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыс жасаған адамдарға қатысты қолданылады.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі балаларға қарсы жыныстық қылмыс жасаған адамдарды өмір бойына тіркеуге алып, бақылауда ұстау жөнінде бастама көтерген болатын. Бұл да сол заң жобасы аясында қарастырылуда.