7 тамыз күні 97 жасында аты аңызға айналған америкалық астронавт, екі рет Айға ұшып, бірақ оған қонбаған алғашқы адам Джим Ловелл қайтыс болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы BBC-ге сілтеме жасап.
Ол «Аполлон-13» миссиясының командирі ретінде белгілі. Бұл ұшу кезінде бортта апат орын алған жалғыз айға бағытталған пилоттық экспедиция. Ловелл қиын сәтте жылдам шешім қабылдап, экипажды аман-есен Жерге қайтару арқылы трагедияны жеңіске айналдырған.
Джеймс Ловелл алғашында АҚШ-тың «Меркурий» бағдарламасына қатысуға үміттенді, бірақ денсаулығына байланысты өтпей қалады. 1962 жылы «Жаңа тоғыздық» құрамына қабылданып, Нил Армстронг және Джон Янг сияқты әйгілі астронавтармен бірге жұмыс істейді. 1965 жылы ол «Джемини-7» және кейін «Джемини-12» миссияларына қатысып, ашық ғарышқа шығу және ұзақ мерзімді ұшулардың мүмкін екенін дәлелдеді.
1968 жылы Ловелл «Аполлон-8» құрамында алғаш рет Айдың орбитасына шыққан экипаждың мүшесі болды. Олар адамзат тарихында алғаш болып Айдың арғы бетін көрді және Жердің Ай көкжиегінен туу сәтін суретке түсірді.
1970 жылғы «Аполлон-13» миссиясында оттегі багының жарылысы салдарынан Айға қону жоспары жойылды. Экипаж тірі қалу үшін ай модулін «құтқару кемесі» ретінде пайдаланып, төрт күннен кейін сәтті қонды. Бұл оқиға бүкіл әлем назарын аударып, тарихтағы ең драмалық ғарыштық құтқару операцияларының бірі болды.
NASA басшылығы мен әріптестері Ловеллді батыл шешім қабылдайтын, әзілқой әрі оптимист тұлға ретінде еске алды.
Онымен 70 жылдан астам бірге өмір сүрген жары Мэрилин 2023 жылы қайтыс болған.