9 жыл. Руслан Берденов ісіне қатысты сот үкім шығарды

2263
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/IeYA5gmyVlTmoqf2gv4VVFapWiusLjYo8XB0IOBB.jpg

Бүгін, 20 тамызда Шымкентте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасау ісі бойынша үкім шықты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Сотталушы Ернар Жиенбай ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігі бойынша («Қылмысқа дайындалу және қастандық жасау» – «Адам өлтіру») айыпталды.

Сот анықтағандай, 2025 жылғы 21 сәуірде «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-нің директоры Жиенбай мас күйінде, араздықтың салдарынан қала әкімінің орынбасары Берденовке қастандық жасап, оған аңшы мылтығынан оқ атқан.

«Жиенбайдың оғы таусылғандықтан, сондай-ақ жәбірленушінің қарсыласуынан және куәгерлердің көмегінен ол қылмыстық ниетін аяғына дейін жүзеге асыра алмады», – деді сотта.

Айыпталушының кінәсі оның өз мойындауы, жәбірленушінің және куәгерлердің айғақтарымен дәлелденді. Жауапкершілікті жеңілдететін жайт ретінде кінәні ішінара мойындауы, өкінуі, бұрын сотталмағаны және асырауында екі кішкентай баласының бары ескерілді. Ал ауырлататын жағдай – қылмысты алкогольдік мас күйінде жасауы болды.

«Жоғарыда айтылғандарды негізге ала отырып, сот Жиенбайды ҚР ҚК-нің 24-бабы 3-бөлігі және 99-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ», – деп хабарлады сот.

Айта кетейік, Шымкент әкімінің орынбасарына қастандық жасау ісі сотта 2025 жылғы 6 тамызда қарала бастады.

댓글
기타 기사