Мәжіліс депутаты Ардақ Назаровтың 10 қыркүйектегі пленарлық отырыс барысында анасын туған күнімен құттықтауына байланысты төменгі палата ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Tengrinews.kz-ке сілтеп.
Ресми жауапта Назаровтың әрекетінен Парламент пен Мәжіліс регламентін, сондай-ақ депутаттық этика нормаларын тікелей бұзу байқалмағаны айтылды.
«10 қыркүйекте депутаттық сауалды жариялау кезінде депутат Назаров А.К. анасына айтқан құттықтауында Парламент пен Мәжіліс регламентін, соның ішінде депутаттық этика қағидаларын тікелей бұзу фактісі жоқ деп есептейміз», – делінген хабарламада.
Мәжіліс құттықтау отырыстың мазмұнына әсер етпегенін атап өтті. Сонымен бірге депутаттық мінбердің негізгі мақсаты заң шығару қызметімен байланысты екені ескертілді.
Еске салайық, 10 қыркүйекте Ардақ Назаров Мәжілістің пленарлық отырысында депутаттық сауалын бастамас бұрын анасын туған күнімен құттықтап, көпшілік назарына ілікті.