Шындық үшін туған шерлі рух. Төлен Тоқтасынов туралы естеліктер

3094
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/AdOcW2F6zMZ0tjrfropOh4hTADVMTFAETcXTnRAR.jpg

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында, ел жаңарып, жүйе өзгеріп жатқан кезеңде, саясат сахнасына бір ерекше тұлға шықты. Ол – мінезді, принципшіл, қайсар еді. Ол шындықты айтудан қаймықпайтын, билікке қарсы тұра алатын санаулы азаматтың бірі болды. Ол – Төлен Тоқтасынов болатын.

«ӨМІРІНІҢ ӘР КҮНІ ҰЛЫ МИССИЯ БОЛАТЫН»

Саясаткердің жары Алма Тоқтасынова жұбайымен өткен ғұмырын көзіне жас алып, еске алады. 

«Біз, кеңестік заманда өскен әйелдер, сезімді ішке сақтап, көп алдында шер тарқата бермейміз. Бірақ Төлен өмірден өткен соң, менің көзқарасым өзгерді. Ендігі мақсатым – оның кім болғанын елге көрсету, атын өшірмей, жарқын бейнесін сақтап қалу.

Мен Төленмен 37 жыл тату-тәтті, бақытты өмір сүрдім. Ол – тек менің өмірлік серігім ғана емес, нағыз ер азамат, парасатты әке, адал жар болды. Балаларымызға бақытты балалық шақ сыйлап, сапалы білім беруге бар күшін салды. Бұл – бізге қалдырған ең үлкен мұрасы.

Бірақ ол тек біздің отбасымыздың ғана емес, тұтас халықтың адамы еді. Ол «жерге жекеменшік болмайды» деп қарсы шыққан санаулы депутаттың бірі болды. "Қазақ үшін жер – жай мүлік емес, бұл – рух" дейтін», деп Төлен Тоқтасыновтың аз ғұмыры мәнді болғанын айта кетті. 

Төлен Тоқтасынов әділетсіздікке көз жұмып қарай алмады. Ол өмірін еліне арнады. 

«Оның әділдігі, адалдығы, досқа беріктігі ерекше еді. Бір жолы Назарбаев Мәжіліске кіргенде бәрі орындарынан тұрған, тек Төлен ғана отырған.

Ол «менің досымды түрмеге отырғызған адам үшін орнымнан тұра алмаймын» деген. Бұл – оның принципінің айна-қатесіз көрінісі еді. Өмірінің әр күні ұлы миссия болатын.

Көмекке мұқтаж талай адамға пәтер, көлік сыйлады, мектеп жөндетті, мешіт тұрғызды. Бірақ өзі депутаттық пәтерін жекешелендірмей, қарапайым өмір сүрді. Ол өзі жанып, өзгеге жарық сыйлаған Данконың тағдырындай өмір кешті. Өзінен кейін тек жақсы іс, адал сөз қалдырған азамат болды», деп көзіне жас алды Алма Тоқтасынова. 

«ӨЗ АРМАНДАРЫН БІЗ ҮШІН ҚҰРБАН ЕТТІ»

Төлен Тоқтасынов – елге еңбегі сіңген тұлға ғана емес, сонымен бірге өз балалары үшін жанын салған мейірімді әке еді. Ұлы Әлихан Төленұлы әкесінің көпке үлгі бола алғанын айтып, мақтанышын жасырмады.

«Әкем – менің мақтанышым. Халық оны «депутат-камикадзе» деп атады. Бірақ мен үшін ол – бала кезден отбасының қамын ойлаған, өз армандарын біз үшін құрбан еткен әке.

Ол көпбалалы отбасында өсті. 18 жасында әкесінен айырылып, анасы мен бауырларына қамқор болды. Еңбектен ерте араласып, өмірдің ащы дәмін бала кезден татқан. Бізге барын салды. Менің бала арманым – футболдан Әлем чемпионатына бару еді. Әкем мені Оңтүстік Африкаға ертіп апарып, сол арманымды орындады. 42 елге апарып, көкжиегімді ашты.

Мен алтын белгімен мектеп бітіргенде: «Шетелде оқығың келсе, мен қолдаймын» деді. Осылайша мен АҚШ-тағы Duke университетінде, әпкем Әлия Англияда білім алды.

Әкем өзі оқи алмаған шетелді біз арқылы бағындырды. Бізге жол ашып, үмітін артып, сол үмітті арқалап өмірден өтті», дейді Әлихан. 

Сондай-ақ, ол әкесінің есімі көше, саябақтарға берілу керегін айтты. 

«Ол ақша қуған адам емес еді. Мектеп жөндеді, мешіт салды, көмір таратты, көлік, пәтер сыйлады. Ақшасын жақындарына, халыққа жұмсады.

Ол – тек менің емес, бүкіл елдің әкесі еді. Енді оның аты көше, саябақ, стадион аттарына айналуы тиіс деп ойлаймын. Бұл – әділеттің бір көрінісі болар еді», дейді Әлихан. 

«ТӨЛЕН – ЕКІ РЕТ ТЕ ӨЛМЕГЕН АДАМ»

Төлен Тоқтасынов – тек белгілі саясаткер ғана емес, өз ортасына сыйлы, еліне адал, халқына жанашыр азамат еді. Саясаткердің досы, белгілі кәсіпкер Ахметбек Нұрсила оның артынан тек жақсы сөз бен жарқын іс қалғанын айтады.

«Төленмен тоқсаныншы жылдардан бері доспын. Міне, қырық жылға жуық бірге жүрдік. Ол – ар ілімін ту еткен, шыншыл, батыл адам еді. Қоғамда қалай жүрсе, өмірде де дәл сондай болатын.

«Адам екі рет өледі: бірі — жан шыққанда, екіншісі — оны ешкім еске алмаған кезде» дейтін өзі. Ол – екі рет те өлмеген адам. Төленді еске алатын ұрпағы, достары, ел-жұрты барда – ол өлген жоқ. Ол — тірі.

Артында тек жақсы сөз бен жарқын іс қалды. Мұқағали айтқандай:  «Қыранның тағдырын қимасаңдар,

Тағдырын бер, тағдырын...

 Құралайдың. Қашан атып алғанша құламаймын…»

Төлен де сондай – қыран еді. Басын ешкімге имеген, жалтақтамаған, биіктен самғап өткен рух иесі», деп еске алады кәсіпкер.

Ахметбек Нұрсила үшін Төлен – жай ғана дос емес, өмірлік ұстанымда үндес, көзқарасы ұқсас жан. Қиын сәтте арқа сүйер, қуанышты сәтте бөлісер нағыз жанашыр болғанын ерекше тебіреніспен еске алады.

«Төленнің өмірі – елге қызмет етудің, адалдықтың, қайсарлықтың үлгісі. Қайда жүрсе де, кіммен араласса да шыншылдығымен, турашылдығымен танылды. Өмірге өкпелемеді. Қиындықпен күресе білді. Бірақ тағдыр оңай болмады. Қатерлі дертпен күресті, жеңе алмады. Алайда тізе бүккен жоқ. Еңсесін түсірмеді», – дейді ол.

«КӨҢІЛІ ТЕЛЕГЕЙ ТЕҢІЗДЕЙ»

Журналист Арман Әубәкір Төлен Тоқтасыновпен аз уақыт таныс болса да, оның жан әлемін терең танып үлгергенін айтады. 

«Төкеңмен 2 жыл ғана таныс болдым. Бірақ ол аз уақыт – ғасырға татитын жақындыққа ұласты. Алғашында тек жұмыс бабымен байланыссақ, кейін әке мен баладай сырлас, рухтас болдық.

Ол кісі тыңдай білетін. Сол сабырлы, байыпты қалпында қасындағы әңгімелесушіні барынша түсінуге тырысатын. Төкеңе кез келген сырыңды еркін айтуға болатын. Ал ол құпия сол айтылған жерінде қалатын. Терең ойланып, шынайы жанашырлықпен ақыл-кеңесін де аямайтын. Содан болса керек, Төлен ағамен бір жүздесіп, шәй ішіп әңгімелесуге біз де әр кез асығатынбыз. Көңілі телегей теңіздей еді.

Ағамыздың кішкентай балаларға деген қамқорлығы, махаббаты қандай еді, десеңізші! Менің балаларымды өз немерелеріндей жақсы көріп еміреніп тұратын. 

Кейін сырқаттанып жүргенде “Кішкене тәуір болғанда тауға шығайық. Сен бала-шағаны ертіп ал. Көк шалғында балалармен жақсылап демалайық” деп еді. Әттең, ағамыз көп ұзамай көз жұмды. 

Төлен ағаның ел үшін атқарған еңбектері ұшан-теңіз. Жастарға қамқорлығы сезіліп тұратын. Адамгершілігі өте жоғары еді. Саясаттағы ерліктері туралы да таңды таңға ұрып әңгімелеуге болады. Ол кісінің елдік мәселеде алдыға қойған жоспарлары да көп еді… Сондай қазақтың мықты перзенті небәрі 62 жасында дүниемен қош айтысып кете барды”, деп еске алады Арман Әубәкір.


Төлен Тоқтасынов – сөз бен істі қатар ұстаған сирек азамат. Ол тек өз ұрпағының ғана емес, бүтін бір ұлттың жүрегінде қалатын тұлға.

Қазақ «жақсының аты – өлмейді» дейді. Төлен Тоқтасыновтың есімі де, ісі де – ел есінде қала бермек.

댓글
기타 기사