Джеки Чанның өзі Алматыға не үшін келгенін хабарлады

929
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/kThhjiQOF62hUzJgq1kjvTsDlkZQ0ioWXuFU7udK.webp

Әлемге әйгілі актер Джеки Чан Алматыға келгенін растап, қазақстандық серіктестерімен фото жариялады. Бұл туралы өнер иесі Facebook парақшасына жазды, деп хабарлайды "Адырна".

"Алматыға локацияларды зерттеу үшін бардым. Salem Entertainment ұжымына асқан қонақжайлылық үшін алғыс айтамын", - деген жазба қалдырды актер.

Қазақстандық медиакомпания Instagram-дағы парақшасында әйгілі Джеки Чанмен жұмыс кездесу өткенін хабарлады.

"Salem Entertainment қабырғасында әлемдік кинематография аңызы – актер, сценарист, режиссер және продюсер Джеки Чанмен жұмыс кездесуі өтті. Біз ірі бірлескен жобаны жүзеге асыруға кірістік. Алматыда болған уақытында актер біздің командамызбен бірге алдағы картинаның түсірілім алаңдарын таңдады. Фильмнің негізгі бөлігі Қазақстанда түсірілетін болады", - деп жазды компания өкілдері.

Жобаның басқа мәліметтері әзірге құпия болып отыр. Алайда компания өкілдері көрермендерді алда ғаламат жаңалықтар күтуде екенін жеткізді.

Бұдан алдын әлеужеліде Голливуд жұлдызы Джеки Чан Алматыға ұшып келгені туралы ақпарат тарағанымен, бастапқыда ешкім растамаған. Бірқатар спорт блогерлерінің дерегінше, Джеки Чан 30 қыркүйекте өтетін Чемпиондар лигасы аясындағы «Қайрат» пен мадридтік «Реал» арасындағы матчқа арнайы қонақ ретінде қатысуы мүмкін. Сондай-ақ стадионда фотосессия ұйымдастырылатыны айтылуда.

댓글
기타 기사