Головкин World Boxing президенті қызметіне кандидат атанды

1271
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/58cJS8Tidui2HGHIpk5HJkWTohvA3rkiOzi7r3fU.jpg

Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері, Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті және World Boxing Олимпиадалық комиссиясының төрағасы Геннадий Головкин Халықаралық бокс федерациясы World Boxing ұйымының президенті лауазымына өз кандидатурасын ұсынды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Головкин Instagram парақшасында:

“Мен маңызды шешім қабылдадым – World Boxing халықаралық федерациясының президенті қызметіне өз кандидатурымды ұсындым. Менің миссиям – бокстың олимпиадалық болашағын сақтау, сенімді нығайту және спортшылар мен жаттықтырушыларды қолдау. Біздің мақсатымыз Халықаралық Олимпиада комитетінің толық мойындауына қол жеткізу және бокстың Олимпиада ойындарындағы орнын сақтау”, — деп жазды.

World Boxing хабарлауынша, сайлауға 16 елден 17 үміткер қатысады, олардың ішінде әртүрлі басқарушылық лауазымдарға түсетіндер де бар.

Президенттікке тек екі үміткер тіркелген. Олар Геннадий Головкин (Қазақстан) және Мариолис Харилаос (Грекия).

Қазіргі президент Борис ван дер Ворст биылғы қыркүйекте екінші мерзімге сайлауға түспейтінін мәлімдеген.

Сайлау 2025 жылдың 23 қарашасында Рим қаласында өтетін World Boxing-тің жыл сайынғы конгресінде өтеді.

World Boxing ұйымы 2023 жылы сәуір айында құрылған. Оның мақсаты –Халықаралық Олимпиада комитетімен ынтымақтастық орнатып, боксты Олимпиадалық бағдарламаға қайтару.

2025 жылғы 25 ақпанда ХОК ұйымды уақытша мойындап, оны әлемдік деңгейде боксты басқарушы халықаралық федерация ретінде таныған.

댓글
기타 기사