Астанадан – Ақтауға дейін. Тәртібі қаралған ректорлар мен шенеуніктер тізімі жарияланды

1256
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/4BTIOHnHGeO1IDnV32xYbvmCF111stdQjJbJ9nF1.jpg

Оқу-ағарту министрлігі, жетекші жоғары оқу орындары мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының бірқатар лауазымды тұлғалары мен қызметкерлері тәртіптік жазаға тартылды. Бұл шаралар Жоғары аудиторлық палатаның тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі Zakon.kz-ке сілтеме жасап.

«Биыл ақпан айында орта білім беруді дамытуға бағытталған бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына баға беру мақсатында мемлекеттік аудит жүргізілді. Тексеру барысында аудит мамандары педагогтерді даярлау мен жұмысқа орналастыру, оқу процесін әдістемелік тұрғыда қамтамасыз ету, мемлекеттік реттеу және басқа да бағыттар бойынша бірқатар мәселе мен кемшілік анықтады», - делінген хабарламада.

Тәртіптік жауапкершілікке тартылған ректорлар мен шенеуніктер тізімі жарияланғанымен, онда адам аттары көрсетілмеген.

Осыған байланысты палата уәкілетті мемлекеттік органдар мен ұйымдардың басшыларына заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту туралы мәселені қарауды тапсырған.

Тәртіптік жазаға мына лауазымды тұлғалар мен қызметкерлер тартылды:

  • Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитеті төрағасының орынбасары;
  • Оқу-ағарту министрлігінің Білім сапасын қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары;
  • Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің ректоры;
  • Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры;
  • Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының проректоры;
  • С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің проректоры;
  • Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры;
  • М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің проректоры;
  • Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің проректоры;
  • академик А. Қуатбеков атындағы Халықтар достығы университетінің проректоры;
  • Ш. Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының проректоры;
  • М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің деканы;
  • А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің кафедра меңгерушілері;
  • Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының қаржы-экономика департаментінің директоры және жетекші ғылыми қызметкерлерінің бірі;
  • М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің мамандары.

Сонымен қатар тәртіптік жазаға «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшылары мен әдіскерлері де тартылды.

댓글
기타 기사