Ән мен әнші не болып барады?

1087
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/eWaSbORyisolXbHNS7gI7tCSrAtVq4MIoRXh2n58.jpg

Күн сайын арайлап атқан ақ таңмен таласа таратылатын «Шалқар», «Той думан» радиосы берілімдеріндегі қазағымды рухани жақтан сусындатып, жүрек қылын тербететін әсем ән мен тәтті күйлеріне тәнтіміз. Шіркін, осының ішінде Мақпал Жүнісова сияқты бұлбұл көмейлердің әнін тыңдағанда, ұйқың сергіп, уайымың сейіліп, рухың серпіліп кетеді-ғой! Сондықтанда, үлкенді сыйлап кішіні аялау, біздің ұлттық ата дәстүріміз болса, әнші, күйші, ақын, биші қатарлы өнерпаздарды құрметтеу рухани дәстүріміз болып қалыптасқан. Атап айтқанда, ән деген, қайсы ұлттың болса да, қайғы-мұңын ұмыттырып, жабырқаған көңілін жадырататын рухани дәрі деуге болады. Алайда, айтылатын ән қай түрдегі лирика болса да, қай қайсысы да белгілі тақырыпты көтерген, нысынаны, мақсатты көздеген, отанды, ұлтты, халықты, немесе махаббатты жырлауды арқау еткен, тәрбиелік мағынасы бар, көркемдігі көрнекті, көзғарасы айқын, қуаттамасы ашық болуға тиіс. 

Қысқартып айтқанда, жазылған ән сөзінің мағынасында не саясый астар, не лирикалық көңіл-күй айқын бейнелену керек. Мәтін мен әуеннің бірлесуінен ән туындайды. Екеуі органикалы қабысуы керек. Әуен тамаша боллған жағдайда, мәтіннің кей жетерсіздігін бүркеп те кете алады. Айтар болсақ, ақыйық ақын Мұқағалидың қайсы өлеңін оқысақ та, мазмұны тақырыбына сай, әдебилігі жоғары, мақсаты айқын, көркемдігі көрнекті, ұйқасы жаттық, тілі өткір, тәрбиелік қуаты күшті. Арасынан тырнақтай мін таба алмайсыз.

Мысалға оның «Тауда өстім» деген мына бір өлеңін алайық:

Тайсалмай басып тастарын,
Алқынбай астым асқарын.
Құзына шығып қомданып,
Ылдыйын төмен тастадым.
Төсіне шығып көп құздың,
Төбемді көкке жеткіздім.
Қорқытып бура бұлттарын,
Қойныма әтір сепкіздім.
Талайда талай шыңды астым,
Тастағы гүлмен мұңдастым.
Қарағайымен құрдастым,
Қайыңдарымен сырластым.

Бұл өлеңді оқып, немесе осы әнді тыңдаған адам, асқар шыңдағы тау-тас, орман-тоғай, гүл-шөптерді аралап, жаңбырынан рахаттанып жүргендей сезінесіз. Артық сөз, артық буын жоқ. Тоғыз ауыз сөздің тобықтай түйіні қортындыланған. Егер алла тағала онсегіз мың ғаламды бір тарының қауызына сыйғызатыны рас болса, онда, Мұқағалидың поэзияны да бір тарының қауызына сыйғызатын ақын екендігі шүбасыз.

Сөзін Қадыр Мырзаәлі, әуенін Ескендір Хасанғали жазған «Атамекен» әніне көз жүгіртейік: 

Жасыл жайлау - түкті кілем, көк кілем,
Көк кілемде көп ойнаймын, көп күлем.
Айдарымнан сипап өткен самалды
Қазағымның алақаны деп білем.
 
Қайда жүрсең, Атамекен,
Көкейіңде жатады екен.
Күннің өзі қимай оны,
Ұясына батады екен.
 
Жасыл жайлау - түкті кілем, көк кілем,
Көк кілемде көп ойнаймын, көп күлем.
Асқар тауың аспаныммен астасқан,
Қазағымның мәртебесі деп білем.
 
Жасыл жайлау - түкті кілем, көк кілем,
Көк кілемде көп ойнаймын, көп күлем.
Күннің нұрын, айдың аппақ сәулесін
Қазағымның махаббаты деп білем.

Мәтіні қандай мәнді болса, әуені де патриоттық сезімді желпіндіретін биік өреде жазылған. Қазақтың мұндай әндері өте мол. Тыңдаған сайын тыңдағың келе береді. Бұл әндерді теріс көретін адам жоқ-ау.

Мен қазіргі ақындардың бәрі Мұқағалидай болмады деп отырғамын жоқ. Өзім ақын болмасам да, ақындардың өлеңін қалдырмай оқып, әндерді мән бере тыңдаймын. Айтылып жатқан әнге құлақ молласы ғана болмай, сараптап, зерделеп бағалай білу, әрине саналы оқырман, тыңдарманның міндеті, азаматтық борышы болуға тиіс деп қараймын. Өзім жырғатып өлең жазбасамда, «халық— қазы» деген бойынша, жазылған өлең немесе ән сөзіне ой жүгіртерлік сауатым бар. Кейбір көңілге толмайтын өлеңдерді көргенде, япырмай, мына өлеңді кімге еліктеп, қайдан үйреніп қалай жазды екен, белді ақындарымыз болған Қасым Аманжол, Қадір Мырзаәлі, Тұманбай Молдағалиев, Жарасқан Әбдірешев, Мұқтар Шаханов қатарлылардың жазғанын оқып көріп, өнеге алмадыма екен, солардың өлең жазу үлгісіне сәп салып көңіл бөлмедіме екен, қызбалықта дүрмекпен жаза салғаны-ай деп қынжыламыз. Айтып айтпай, өлең жазған адам алдымен, білдірмекші мақсатын ойланып, буын саны мен ұйқасын дұрыстап алмай тұрып жеңілтектікпен өлең жазудың, ән шығарудың күлкіге қалдыратынын білуі тиіс. Әуен жазылмайтын жай өлең болса бір сәрі делік. Өйткені оны бір оқығаннан кейін, толымсыз болса лақтырып тастай саламыз. Әуені жазылып, әнге айландырылғаннан кейін, ауыздан ауызға тарап айтылып жүреді. Сондықтанда, ән сөзін жазуға ерекше көңіл бөлген жөн. «Өлеңге әр кімнің бар таласы». «Әу демейтін қазақ жоқ» дегендей, қазір екінің бірі ән шығаратын болып алды. «Сасыған етке борсыған май» дегендей, мәнсіз ән мәтіні жыртақай музыкаға мінгесіп алған. Сол әндердің мазмұнын талқыға салып, редакциядан өткізіп мақұлдайтын ұйым бар-жоғын білмейміз. Әркім ойына келгенін жазып, «ұялмаған өлеңші» бола беремізбе? Кейбір бәлдір-бәтпақ әнсымақтар радиода жарияланып, жер әлемге таратылғанда мемлекетіміздің көркемөнерінде не абырой қалды деп қынжыламыз. 

Мысал үшін осының біреуін ғана айтайын. «Даудың басы Дайрабайдың қара сыйыры» дегендей, басы «алты жарым, жеті жарым, сегіз жарым, тоғыз жарым» деп басталатын «атақты әнді» талай естіген шығарсыздар. Атақты болмаса «Той-думан» радиосында күнделікті сарнамаса керек еді… Жеке талдауым бойынша , бұл ән емес, шатпақ! Осыны орындаушы да дарақы, радиода жариялатып отырған адам да ақымақ. Ойлаңыздаршы, осыда не мән бар, нені жырламақшы? Содықтан мән- мағынасыз нәрсені айтып өзінің азаматтық абыройын түсірмеу керек те, шамасы келмейтінге зорланбау қажет. Тыңдарманға керегі құлақтан кіріп бойды алар тәтті ән мен тәтті күй, шынайы рухани азық. Қазіргі әндер құдды кейбір жас қыздардың жалаңаштана бастағанындай. Тыңдарманды мезеттік селт еткізгенімен тез суындырады.

Тағы бір көріліп отырған мәселе, қазірге дейін, фонограмма деген көз бояушылық жойылмай келе жатыр. Ел алдына шығып аузын жыбырлытып, қолын ербеңдеткенді мылқауларда істей алады. Елімізде ұры-қары, алдамшы аз болып жатқандай, енді ұрламаған халықтың сенімі, алдамаған сезімі қалдыма? Ән айта алмайтын болсаң, саныңа қыл бұрау салып кім зорлады? Айта алсаң табиғи айт та, айта алмасаң сахнадан түс!

Ой, тәуба! Қайсы бірін айтарымды білмей қалдым, осы мақаламды жазып, радио тыңдап отырсам, әдептен аттаған мынадай бір сорақы ән естідім: «Қызыңды алам, апа, күйеу бала болам, апа» дейді. Бұл қандай есерсоқтық?! Бұрынғы қазақтың жігіттері құдаласып, өлі-тірісін жүргізіп қойғанның өзінде, қайын жұртына барғаннан ұялушы еді, мынау неткен бетсіздік! Бұл ақ еділ аналарды ашықтан-ашық басынғандық, қорлағандық қой. Атамыз қазақ махаббаты мен сүйіспеншілік сезімін сахнада жариялаушы ма еді?! Бұл ата салтын аяққа таптағандық болмай ма?!

Ұрпаққа өнеге көрсетерлік ән жазайық, ел алдындағы абыройымызды сақтай білейік, ағайын!

Ән мен әншілер үшін көңілімізге ұнамай жүрген мынадай бір өтініш бар: сөзі де, әуені де жақсы жазылған әндерді әжептәуір орындап, соңғы қайырмасын көп рет қайталай беретін әншілер бар, кейбіреуін санап та көріп жүрміз, бес-алты, тіпті оданда көп рет қайталайтын әндер кезігіп келеді. Ән қанша жақсы болғанмен, қайталап айта бергеннен кейін, дәм-татуы кетіп, берекесі қашады, тыңдармандар да жалығады екен. Сондықтан, ән қайырмасын бұқаның бұйдасындай созып, қайталай берудің мәні жоқ деп…

Артық айтсам кешіріңіздер, қазіргі ән мен әншілердің бәрі нашар демекші емеспін. Десе де ішінараларына көңіліміз толмайды. Мазмұны тақырыбына үйлеспеген, ұйқасы келмеген, сөзі дөрекі, сөзіндегі көңіл күймен әуендегі сезім ырғағы сәйкеспеген әндер баршылық…

Менің бұл мақаланы жазудағы мақсатым, ән мен әншілерді мінеп, бетінен қағайын деген ниет емес, ән жазып жүргендердің ойламын жоғарылатып, ән сапасын жақсартсақ деген өтініш.

Жуықта Түркиядан келген бір қонақ, қайсыбір сапасыз әнді тыңдап отырып «Қазақстанның бұрынғы әндерін ұйып тыңдаушы едік, қазір не болып кеткен» деп бетіме қарағанда, айтарға сөз таппай, арқасына ер батқан аттай қипыжықтап, намыстанып қалдым да, осы мақаламды жазуға мәжбүр болдым. 

Айтып айтпай не керек, қазіргі жиыырма миллион жан саны бар қазақ елінің сахнаға шығарылып жатқан әндерінің сапасы, Қытай, Түркия еліндегі аз қазақтың шығарып жатқан әніне жетпейтінін мойындау керек. Олардікінің сапалы болатын себебі, жазып ұсынылған әннің мазмұны мен сапасы мұқыят талқыдан өткізіліп, қатаң сарапталады. Редакциядан өткізіліп бекітілгеннен кейін ғана жаряалануына рұқсат етіледі. Ал, бізде болса, «ерікті ауызға бөрікті бас сыятын» еркіндік. Әркім ойына келгенін жазып шығарып жатады. Тексеріп қараудан өткізетін белгілі алқа болмағаннан кейін онда қайдағы сапа болсын…

Қорытып айтқанда, қазіргі ән мен әншілердің сапасының не болып бара жатқанына көз-құлақ болу көркемөнер саласын басқарып отырған биліктің бұлтармас борышы болуға тиіс. Ән мәтіні мәнді, музыкасы сәнді болса екен.

Кәкен Қасымханұлы 





댓글
기타 기사