Фото: Associated Press
Соңғы күндері Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың көпшілік алдында көрінбеуі мен оның қызметінен кетуі туралы түрлі қауесеттер шетелдік және интернет басылымдарда кеңінен тараған еді. Осыған байланысты Кремль өкілі Дмитрий Песков жауап берді, деп хабарлайды “Адырна”.
Песковтың айтуынша, Сергей Лавров өз қызметін әдеттегідей жалғастырып жатыр, ал оның денсаулығы мен қызметтік жағдайына қатысты тараған барлық хабарламалар «мүлде жалған».
«Оларға назар аударудың қажеті жоқ», – деді Кремль өкілі.
Сонымен қатар Песков сыртқы істер министрінің көп ұзамай көпшілік алдына шығатынын да меңзеді.
«Қажетті ресми іс-шаралар өткен кезде сіздер Сергей Викторовичті көресіздер», – деп нақтылады ол Франс-Пресс агенттігінің сұрағына жауап беру барысында.
Болжам бойынша, министрдің қатысуын қажет ететін ең жақын ресми шара – Қазақстан президентінің Ресейге жасайтын мемлекеттік сапары. Бұл сапар 11–12 қараша күндері өтеді, ал негізгі ресми іс-шаралар Кремльде 12 қарашада жоспарланған.
Айта кетсек, бұған дейін Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров президент Владимир Путиннің сенімінен айырылғаны туралы ақпарат тарағанын хабарладық.
Ақпаратқа сәйкес, Лавров Ресей Қауіпсіздік кеңесінің 5 қарашада өткен отырысына қатыспаған және G20 саммитінде ресейлік делегацияға да жетекшілік етпейтін болған.
Лавров 2004 жылдан бері Ресей сыртқы істер министрі қызметін атқарып келеді.