"Елімді, мәдениетімді таныту – негізгі мақсатым". Димаш Берлинде жергілікті арнаға сұхбат берді

784
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/JxtP7xiD9ol77bPjhAG3svb0zJX1mI1FWVZhLMHA.jpg

Димаш Берлиндегі жеке концерті аяқталғаннан кейін TV Berlin телеарнасына сұхбат берді, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Dimashnews-ке сілтеп.

Әнші алдымен концертіне келген жанкүйерлерге алғысын айтып, Берлинге келгеніне қуанышты екенін жеткізді.

«Мұнда болғаныма қатты толқып тұрмын. Барлық неміс жанкүйерлеріме және Еуропадағы барлық тыңдармандарыма шын жүректен алғыс айтқым келеді», – деді Димаш сұхбатында.

Әнші өз шабытын жанкүйерлерінен алатынын атап өтті. Сонымен қатар, ол халықаралық мансабын бастаған кезінде өзіне миссия жүктегенін айтты.

«Өзімді, елімді, мәдениетімді, халқымыздың дәстүрлерін әлемге таныту – менің негізгі мақсатым. Сол миссия мені алға жетелеп келеді», - деді ол.

Димаштың айтуынша, өз мәдениетін музыкаға енгізу оның шығармашылығының басты бағыттарының бірі.

«Менің командамдағы барлық мүшелер де осы арманыма ортақ жандар. Біз үшін мәдениеттер арасындағы алмасу аса маңызды», – деді әнші.

Сондай-ақ, Димаш БҰҰ аясында елші ретінде қызмет атқарып жүргенін айтты. Ол негізгі миссиясы көші-қон агенттігімен байланысты жұмыстарға үлес қосу екенін жеткізді.

Келесі концерттер туралы да ақпарат берілген. Бірнеше аптадан кейін Димаш Египетте өнер көрсетеді. Әнші бұл сапарға алғаш рет шығатынын және демалып, жаңа тәжірибе жинайтынын атап өтті.

TV Berlin тілшісі сондай-ақ Германия, Польша, Италия және басқа елдерден келген жанкүйерлермен сұхбаттасты. Олар Димаштың ерекше дауысы мен дара талантын ғана емес, жанкүйерлерді бір аспан астында біріктіретін тұлға ретіндегі қасиетін де атап өтті.

댓글
기타 기사