Садыр Жапаров көлік сататындарды үш жылға салықтан босатты

96
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/dPUx7F6zR6oeBpKM66i6gwgUPifeqEAOxAxPPgHR.webp

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров азаматтар мен заңды тұлғаларға үш жыл бойы жеңіл және жүк автомобильдерін, сондай-ақ мотоциклдерді сату кезінде салық төлеуден босатуды қарастыратын жарлыққа қол қойды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі жариялаған, деп хабарлайды “Адырна”.

Аталған норма «Экономиканың жекелеген салаларын қолдау шаралары туралы» құжатта белгіленген. Үкіметке осы құжатқа сәйкес заң жобасын бір ай ішінде Жогорку Кенештің (парламенттің) қарауына енгізу тапсырылды.

Президент жарлығына сәйкес, 2026 жылдың 1 қаңтарына дейін алынған кірістер бойынша автокөлік және мототехника сату кезінде салықтардан, өсімпұлдардан және айыппұлдардан босату қарастырылған. Бұл жеңілдік жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғаларға ғана қатысты болады.

Сондай-ақ Қырғызстан аумағында өндірілген немесе жиналған автокөліктер мен қосалқы бөлшектерді сату кезінде фискалдық төлемдерді жою жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда автокөлік сату кезінде мәміле нәтижесінде алынған табыстың 10%-ы мөлшерінде салық алынады. Яғни автомобильді сатып алу шығындары мен оны сату арқылы түскен кіріс арасындағы айырмашылыққа салық салынады.

Бұдан бөлек, құжатта тігін саласы субъектілері үшін жеке табыс салығы мөлшерлемелерін және сақтандыру жарналарының тарифтерін төмендету қарастырылған. Сақтандыру бойынша жеңілдіктер шағын және орта бизнес субъектілерінің барлығына қолданылатын болады.

Сондай-ақ республика аумағынан тыс жерде жүзеге асырылатын қызмет үшін (біріңғай төлем) және шетелдік банктер арқылы жүргізілетін транзакциялар үшін 0,1% мөлшеріндегі салық мөлшерлемелері енгізіледі.

Елеулі қолдау зергерлік сала кәсіпкерлеріне бағытталған. Атап айтқанда, билік олар үшін жабдық, технология, шикізат, қосымша материалдарды импорттауға, сондай-ақ дайын өнімді көрмелер мен жәрмеңкелерге шығару кезінде кедендік баждар мен салықтар бойынша түрлі преференциялар енгізуді жоспарлап отыр.

Басқа жеңілдіктердің қатарында:

  • бұған дейін әкелінген немесе өндірілген бағалы металдардан жасалған зергерлік бұйымдардың қалдықтарын екі ай ішінде заңдастыру мүмкіндігі және салық органдары тарапынан тексерістерге мораторий енгізу;
  • қырғызстандық өндірушілерге бұйымдарды тиісті сынамалық таңбамен растайтын өз таңбасын қою және сынау функцияларын беру;
  • мемлекеттік бағалы металдар және асыл тастар қорының шикізатына Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығының белгіленген бағасынан 2% жеңілдікпен қолжетімділікті жеңілдету;
  • зергерлік компанияларға бағалы металдарды шикізат күйінде тікелей келісімшарттар немесе тауар-шикізат биржасы арқылы 180 күнге дейін төлемді кейінге қалдыру шартымен сатып алуға мүмкіндік беру;
  • «Айыл банк» және «Элдик банк» арқылы қаржы реттеушісімен келісім бойынша жеңілдетілген несиелер алу мүмкіндігі.
댓글
기타 기사