Тәжік-ауған шекарасындағы қақтығыс. Қаза тапқандар арасында шекарашы бар

193
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/sikH4X2JUU3QN6INPXC1ZQBGuGCZdgukXlyGeiAn.webp

Тәжікстанда террористермен болған қарулы қақтығыстан елдің шекара әскерінің екі әскери қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Ферғанаға сілтеп.

Оқиға Шамсиддин Шохин ауданындағы 0341 «Сарчашма» шекара жасағына қарасты №5 «Сад» шекара бекетінде болған.

 23 желтоқсан күні сағат 23:30 шамасында белгісіз террористік ұйымға тиесілі үш адам Ауғанстан тарапынан мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өткен. Келесі күні, 24 желтоқсанда сағат 11:15-те олардың жүрген жері анықталған.

Шекарашылардың берілу туралы талабына қарулы топ оқ атып жауап берген. Қарсылық білдірген үш адам қаза тапты.

Елдің қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, күдіктілер Тәжікстан шекара бекеттерінің біріне шабуыл жасауды жоспарлаған.

Қақтығыс орнынан М-16 үлгісіндегі үш винтовка, бір Калашников автоматы, дыбыс бәсеңдеткіштері бар шетелдік өндірістегі үш тапанша, сондай-ақ он қол гранатасы табылып, тәркіленді.

Сонымен қатар түнгі көру құрылғылары, жарылғыш заттар мен түрлі оқ-дәрілер анықталған.

Арнайы операция барысында тәжікстандық екі әскери қызметкер қаза тапты. Шекара әскерлері қызметтік борышын атқару кезінде қаза болған сарбаздардың отбасыларына көңіл айтты.

ҰҚМК соңғы бір ай ішінде Ауғанстан аумағынан келген немесе сол жақта орналасқан қарулы топтардың қатысуымен болған бұл үшінші шабуыл екенін атап өтті.

댓글
기타 기사