Реформаға қажеттілік жоқ — қорғаныс министрлігі

129
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ZZgSg1hdA4X6NNUz1GH9l54ATsmhwvDhR7oMixGk.webp

Қорғаныс министрлігі әскерде ауқымды реформа жүргізуді қажет емес деп тапты, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

Бұл туралы ведомство басшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары Асқар Мұстабеков Сенат кулуарында мәлімдеді.

Оның айтуынша, министрлік тәрбие, идеологиялық және психологиялық жұмысты күшейтуге басымдық беріп отыр.

«Үлкен реформалар жасауға қажеттілік жоқ деп ойлаймын. Біз тәрбиелік және идеологиялық бағыттағы жұмысты күшейтіп жатырмыз. Психологиялық көрсеткіштер бойынша зерттеулерді арттырдық. Өйткені әр командир сарбаздың ойында не бар екенін алдын ала болжай алмайды. Сондықтан командир психологпен бірлесе жұмыс істеп, қауіп-қатерді ерте кезеңде анықтайды», – деді Асқар Мұстабеков.

Министрлік өкілінің айтуынша, әскердегі суицид жағдайлары азайып келеді. 

Оның мәліметінше, 2025 жылы екі суицид фактісі тіркелген, ал 2024 жылы мұндай үш жағдай болған.

Сондай-ақ қорғаныс министрлігі әскери бөлімдерде бейнебақылау жүйесін енгізуді жалғастырып жатыр. Қазіргі таңда ел бойынша 15 мыңнан астам бейнекамера орнатылған.

«Қазір барлық әскери бөлімдерді толық қамту үшін жұмыс жүргізіліп жатыр. “Өлі аймақтар” болмауы тиіс. Сонымен қатар пилоттық режимде кейбір бөлімдерде жасанды интеллект элементтері бар камералар орнатылуда. Олар тәртіп бұзушылықтарды анықтап, командирлерге немесе кезекші қызметке хабар береді», – деді Мұстабеков.

Оның сөзінше, әскери бөлімдерде төтенше жағдайлар орын алған жағдайда міндетті түрде тергеу жүргізіліп, министрлік басшылығы оқиға орнына шығады.

댓글
기타 기사