«Тастамашы, ана!»: жетім баланың тағдыры арқылы жеткізілген шынайылық

57
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/i1W5z1JncA0HTQ01yTVysh9v19x6oqFpEYhe7QHF.jpg

Қоғамдағы ең әлсіз әрі қорғансыз топ – балалар. Әсіресе ата-анасынан ерте айырылған жетім балалардың тағдыры әрдайым жүрекке ауыр тиеді. Сол тағдырдың бір үзігін шынайы әрі терең жеткізетін «Тастамашы, ана!» көркем фильмі көрерменге ой салатын туынды болып шықты.

Фильмнің басты кейіпкері – он бір жастағы Ильяс. Ата-анасынан айырылған соң ол әпкелерімен бірге балалар үйіне орналастырылады. Осы сәттен бастап Ильястың балалық шағы аяқталып, қатаң ережелер мен салқын қатынасқа толы жаңа өмір басталады. Балалар үйіндегі тәртіп, қатыгездік пен немқұрайлылық оның жан дүниесін жаралайды. Мұнда ең бастысы – сүйіспеншілік, қамқорлық пен қарапайым адамгершілік – жетіспейді.

Ильяс тек қатарластарының емес, балаларды қорғауы тиіс ересектердің де қатыгездігіне тап болады. Тіпті денсаулығы ескерусіз қалып, медициналық көмек көрсетілмейді. Өз тағдырымен жалғыз күресуге мәжбүр болған бала ауыр сынақтардан өтіп, ерте есейеді. Оның әрбір қадамы – өмір үшін күрес, адамдық қадір-қасиетті сақтау талпынысы.

Алайда бұл оқиға ойдан шығарылған қиял емес. Фильм Айгиз Баймұхаметовтің аттас шығармасы негізінде түсірілген. Картина бір баланың тағдыры арқылы жетім балалардың шынайы өмірін, олардың мейірімге, қамқорлыққа және жақсы болашаққа деген үмітін көрсетеді. Фильм де, кітап секілді, кең аудиторияға арналған: балалар үшін – отбасы мен ата-аналық қамқорлықтың құндылығын ұғындыру, ересектер үшін – баланың сүйіспеншілікке, назар мен жан жылуына деген қажеттілігін еске салу.

Фильмнің түсірілім жұмыстары 2025 жылдың 10 желтоқсанында Текелі қаласында басталды. Жобаға 70 адамнан тұратын шығармашылық топ қатысып, продюсерлері – Сқабыл Жадыра мен Дархан Балажанов, атқарушы продюсері – Сапарбай Жансерік.

Продюсер Сқабыл Жадыра жобамен бөлісіп:

"Кітапты алғаш оқығанда өзімді ана ретінде елестеттім. Бір кездері мен де ауырғанмын, сол себепті кейіпкердің орнына оңай қоя алдым. Ильяс пен оның отбасының тағдыры мені қатты толқытты. Бүгінде көп адам жұмыстың соңында жүріп, өз денсаулығына көңіл бөлмейді. Ал егер ата-анаға бірдеңе болса, балаларға кім қамқор болады? Бұл фильм тек балаларға емес, бізге де ой салуы тиіс. Болашақ туралы ойланудың маңызын еске салады".

Продюсердің айтуынша, бала үшін ең маңыздысы – ана мен әкенің қатар болуы. Бірақ тағдыр бірінен айырса да, үміт үзбеу керек. Қиындыққа қарсы тұрып, күресуді үйрену – өмірдің басты сабағы. Себебі өмір кейде күтпеген мүмкіндіктерді сыйлайды.

Фильм ата-ананың жауапкершілігі, баланың рухани беріктігі және болашаққа деген сенім тақырыптарын терең қозғайды. Қатал әрі трагедиялық сәттерге қарамастан, картина үміт пен жарыққа толы. Ильяс өз тағдыры арқылы ең қиын жағдайда да адамдық қадір-қасиетті, білімге деген құштарлықты және жақсы өмірге деген арманын сақтап қалуға болатынын дәлелдейді.

Фильмнің алғашқы көрсетіліміне Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Нұржанұлы, Қанат-Света Айтбаевтар және жас жазушы Айгиз Баймұхаметов қатысты.

Президент көмекшісі Мәлік Нұржанұлы:

"Шыны керек, бәріміз тек толқып қана емес, жыладық. Көзімізден жас ақты. Себебі сөзбен жеткізу өте қиын. Осында отырғандардың көпшілігі бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, ата-әжелер. Жастарымыз, болашақ ата-аналарымыз отыр. Сондықтан да шын мәнінде Айгиз бауырымздың туындысы кино лентада, үлкен экраннан көрініс тауып, көрермен жүрегіне жетіп отыр" - деп пікір білдірді.

Киноның басты рөлін сомдаған Бақыт Хаджибаев:

"Бұл жерде өз жұбайынан айырылып, балаларына ана орнына ана, әке орнына әке болған адамның рөлін ойнадым. Бірақ, көп ұзамай әке де қайтыс болады. Балалардың тағдыры өте ауыр. Бірақ менің рөлім арқылы ер азаматтың жақсы қасиеттері баланың бойына сіңіріледі" – дейді актер.

Ал тексерушінің рөлін ойнаған Ақмоншақ Нұртаза:

"Бала кезден өнерге құштар болдым. Фильмге түсу маған жаңа белес болды. Кішкентай рөлді сомдасам да үлкен шабыт алдым. Киноға түсу арқылы мен өнер адамдарын одан сайын бағалай бастадым. Әр туындының артында үлкен қажырлы еңбек жатыр, сол үшін өзімнің ұстаз болғаныма қуаныштымын" – дейді ол.

«Тастамашы, ана!» фильмі ата-аналық жауапкершілік, бала тағдырына қамқорлық пен үміттің маңыздылығын жеткізетін, жүректі тебірентетін туынды болып табылады. 5 ақпаннан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетілім болады.

댓글
기타 기사