Ильхам Алиев Әзербайжанның Киевтегі елшілігіне жасалған соққыларды Ресей тарапынан жасалған достыққа жат әрекет деп бағалады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы caliber.az-ға сілтеп.
Бұл туралы ол Мюнхен қауіпсіздік конференциясы аясындағы панельдік талқылауда мәлімдеді.
Президенттің айтуынша, Украинадағы соққылар тек энергетикалық инфрақұрылымға ғана емес, Әзербайжанның дипломатиялық өкілдігіне де бағытталған. Оның сөзінше, Киевтегі елшілік үш рет шабуылға ұшыраған.
Алиев алғашқы шабуылды кездейсоқ жағдай болуы мүмкін деп бағалағанын айтты. Кейін Әзербайжан тарапы Ресейге өз дипломатиялық нысандарының — консулдық бөлім, мәдени орталық және елшілік координаттарын берген. Соған қарамастан тағы екі соққы жасалған.
Ильхам Алиев Мюнхен қаласында өткен халықаралық қауіпсіздік форумында Әзербайжан елінің Украина аумағындағы дипломатиялық өкілдігіне жасалған шабуылдарға қатысты Ресей елшісіне ресми наразылық нотасын табыстағанын да хабарлады.
Сондай-ақ, форум аясында Владимир Зеленский мен Ильхам Алиев екіжақты кездесу өткізді. Кездесу барысында энергетика саласындағы ынтымақтастық, гуманитарлық көмек және екі ел арасындағы серіктестікті кеңейту мәселелері талқыланды. Украина басшысы Әзербайжанның энергетикалық қолдауы үшін алғыс білдірді.
Сарапшылардың пікірінше, бұл кездесулер Каспий өңіріндегі энергетикалық және транзиттік ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етуі мүмкін. Сонымен қатар, қауіпсіздік форумында аймақтық тұрақтылық пен халықаралық қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды.