2026 жылы Қазақстан жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) көлемі бойынша әлемдегі экономикасы дамыған 50 елдің қатарына енді. Бұл туралы аналитикалық Visual Capitalist платформасы жариялаған рейтингте айтылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Халықаралық валюта қоры болжамына сәйкес, 2026 жылы әлемдік экономиканың жалпы көлемі 123,6 триллион долларға жетеді. Сарапшылардың дерегінше, жаһандық экономикадағы негізгі өсім дамушы нарықтар есебінен қалыптасады.
Рейтингте АҚШ, Қытай және Германия ЖІӨ көлемі бойынша әлемдегі ең ірі экономикалар ретіндегі позициясын сақтап қалады. 2026 жылы АҚШ экономикасы 31,8 триллион долларға дейін ұлғаяды деп күтілсе, Қытайдың ЖІӨ көлемі 20,7 триллион долларға жетпек. 2021 жылдан бері бұл екі ел экономикаларының жиынтық көлемін тиісінше шамамен 9 триллион және 4 триллион долларға арттырған.
Болжам бойынша, Үндістан нақты ЖІӨ-нің 6,2 пайыздық өсімі нәтижесінде Жапонияны басып озып, әлемдегі төртінші ірі экономикаға айналады. Айта кету керек, 2020 жылдан бері Үндістан ЖІӨ көлемі бойынша Ұлыбританиядан да алға шыққан.
Сонымен қатар, Аустралия Оңтүстік Кореяны ығыстырып, ең ірі экономикалар тізімінде 14-орынға көтеріледі. Ал Бангладеш экономикасының 4,9 пайыздық өсімі аясында Вьетнамды басып озып, 33-сатыға көтеріледі.
Рейтинг қорытындысына сәйкес, Қазақстанның болжамды номиналды ЖІӨ көлемі 320 миллиард долларды құрап, әлемдегі ең ірі экономикалар тізімінде 50-орынға тұрақтаған.