Моңғолияда Сарбаз күні атап өтілуде

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/GjJMVFXOMH33r8rT3CXHUMpQOmxaePso5ftYI9VN.jpg

Бүгін, 18 наурызда Моңғолияның қазіргі Қарулы Күштерінің құрылғанына 105 жыл толды. Сондай-ел елде Сарбаз күні тойланып жатыр, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі МОНЦАМЭ-ге сілтеме жасап.

1921 жылғы 18 наурызда бас қолбасшы Дамдин Сүхбаатар құрған әрі басқарған Моңғол халық армиясы Кяхта қаласын азат еткен болатын. Ал 1921 жылғы 1 наурызда Моңғол халық партиясы құрылып, 6 наурызда оның Орталық комитеті мен Әскери штабтың бірлескен отырысында Кяхта қаласын азат ету туралы шешім қабылданған. 14 наурызда Сүхбаатар бұл туралы Уақытша халық үкіметіне баяндаған.

Кяхта қаласын соғыссыз тапсыру туралы талапқа гоминьдан әскерінің басшылығы жауап бермеді. Соның нәтижесінде бас қолбасшы Сүхбаатар мен оның орынбасары Сумъяа басқарған әскер 17 наурыз кешінде Кяхтаға шабуыл жасады. 18 наурыз таңертең халық-революциялық армия қалаға кірді.

Кейін Моңғол Халық Республикасының Әскери істер министрі әрі халық-революциялық армияның бас қолбасшысы болған Хорлоогийн Чойбалсан Моңғол халық-революциялық армиясының құрылған күнін ресми мереке ретінде бекітуді ұсынды. 1946 жылғы 28 мамырда Кіші Хурал Президиумының 32-отырысында бұл күнді ресми түрде атап өту туралы шешім қабылданды.

Нәтижесінде Кяхта қаласы азат етілген, Моңғол халық армиясы алғашқы жеңісіне жеткен 18 наурыз күні Революциялық армия күні болып жарияланып, жыл сайын бүкіл ел бойынша атап өтіледі. Сонымен қатар бұл күн әскери қызметкерлер үшін ресми мереке және демалыс күні ретінде белгіленді.

2003 жылғы 18 желтоқсанда Мемлекеттік Ұлы Хурал бекіткен мемлекеттік мерекелер мен атаулы күндер туралы заңға сәйкес, 18 наурыз Қарулы күштер күні болып жарияланды.

Алайда бұл күн көбіне қорғаныс саласында ғана атап өтілгендіктен, оның маңызын кеңейту қажеттігі туындады. Осыған байланысты 2011 жылы заңға өзгерістер енгізіліп, «Қарулы күштер күні» атауы «Моңғол сарбазы күні» болып өзгертілді. Бұл өзгеріс Қарулы күштерде қызмет еткен, қызмет етіп жүрген және болашақта қызмет ететін барлық азаматқа, сондай-ақ елдің қорғанысына үлес қосып жүрген жандарға құрмет ретінде қабылданды.

댓글
기타 기사