Атыраудағы отбасы өлімі. Іс бойынша жаңа айыптар тағылды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/W9B8q2FuADBUElQWv0YPwgLpyHMqOH8edGM8GPdP.jpg

Атырау облысы прокуратурасы Жангелдин ауылында қаза тапқан Қарабалиндер отбасына қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа мән-жайларды жариялады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Тергеу Атырау облыстық полиция департаменті тарапынан жүргізілуде. Бастапқыда іс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы (екі немесе одан да көп адамды өлтіру) бойынша тіркелген. Алайда кейін жаңа эпизодтар анықталып, күдікті күйеу бала Сұлтан Сәрсемалиевке тағылған айыптар кеңейтілді.

Прокуратура мәліметінше, жәбірленушілердің малын сату және мүлкін иемдену деректері бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы («Ұрлық») және 190-бабы («Алаяқтық») бойынша бөлек істер тіркелген. Осылайша, іс бойынша алаяқтыққа қатысты үшінші эпизод пайда болған. Оның нақты мән-жайлары әзірге жарияланған жоқ.

Сонымен қатар, іс бойынша тағы бір күдікті – қаза болғандардың қызы, Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты да ақпарат берілді. 10 наурызда тергеу сотының шешімімен ол сот-психологиялық-психиатриялық сараптамадан өту үшін арнайы медициналық мекемеге жіберілген.

Қадағалау органының хабарлауынша, қазіргі уақытта оның әрекеттеріне құқықтық баға берілмеген және бұлтартпау шарасы таңдалмаған. Егер психикалық ауытқу белгілері анықталса, Сот сараптамалары институты базасында стационарлық кешенді сараптама тағайындау мәселесі қаралады.

Прокуратура барлық мән-жайлар толық анықталып, сараптама қорытындылары алынғаннан кейін күдіктілердің әрекеттеріне түпкілікті құқықтық баға берілетінін мәлімдеді. Тергеу мерзімі жүргізіліп жатқан сараптамалар мен процессуалдық әрекеттердің көлеміне байланысты болады.

댓글
기타 기사