Алматыда «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби жобасының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Жоба заманауи қазақ прозасын дамытуға және жаңа авторларды қолдауға бағытталған. Инициатива ERG директорлар кеңесінің төрағасы Шухрат Ибрагимовтың қолдауымен жүзеге асырылды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, байқауға 3000-нан астам өтінім түскен. Іріктеу нәтижесінде финалға 8 автор шықты. Олардың жетеуі 3 миллион теңге көлемінде қаламақы алып, шығармалары 1000 дана тиражбен жарық көрді. Іс-шара барысында аталған кітаптардың тұсаукесері өтті.
Финалистер қатарында Думан Рамазан («Сынақ»), Қуаныш Жиенбай («Аралқұмдағы ақырғы аялдама»), Нұржан Қуантайұлы («Опасыз ойын»), Асқар Алтай («Каскад»), Мұрат Алмасбек («Екі жағалау»), Қуат Бораш («Тәубе»), Айым Ақылтай («Қарыз») бар.
Байқаудың бас жүлдесін Жүсіпбек Қорғасбек «Кельндегі көкжал» романы үшін жеңіп алды. Оған 15 миллион теңге көлемінде сыйақы табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жеңімпаз шығарма желісі бойынша көркем фильм түсіріліп, үлкен экранға шығарылады.
