Қарағанды облысында Қазақстан халқының бірлігі күні аталып өтуде

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Vwpnr7K8zrT0gC4d6eerRQqAcnKVIN2gFOuLvYkh.jpg

Қазақстан халқының бірлігі күні Қарағанды облысының барлық өңірінде кең көлемде аталып өтуде. Өңірде жүзден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді, сондай-ақ 60-қа жуық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Мерекелік бағдарламаның басты өзегі – әралуандыққа қарамастан бірліктің берік болуында. Сахналарда түрлі халықтардың шығармашылығынан құралған жарқын көріністер ұсынылып, бұл қазақстандық қоғамның байлығы мен бірегейлігін айшықтай түсті.

Қарағанды қаласындағы негізгі мерекелік іс-шаралар Орталық саябақта өтуде. Мереке «Бірлік — ел тірегі» атты концерттік бағдарламамен ашылды. Сахнада жергілікті көркемөнерпаздар ұжымдары мен арнайы шақырылған өнерпаздар өнер көрсетті.

Күн райы да мерекеге ерекше жылулық сыйлады. Шуақты көңіл күй сахнадан да сезілді. «Наз» мемлекеттік би театры «Ғажайып әлем» балалар ансамблімен бірге «Достық» композициясын орындады. 

Бұл қойылым әр кезеңде жолға жарық сыйлап, жүректерге жылу ұялататын күннің нышанына айналды. 

Әсем костюмдер, ұлттық әуендер мен хореография халық өнерінің жанды мозаикасын қалыптастырды.

— Бұл мерекенің мәні ерекше әрі киелі. Себебі ол халқымыздың іргелі әрі жасампаз құндылықтарын дәріптейді. Өңірімізде ондаған этнос өкілдері достық пен келісімде өмір сүріп, Әділетті Қазақстанның «Біз әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз» қағидатын жүзеге асырып келеді. Біздің жетістіктеріміз — ортақ еңбек, өзара түсіністік пен бір-бірімізге деген құрметтің нәтижесі. Бүгінде мерекелік шаралар облыстың барлық аумағында өтіп жатыр. Өңір тұрғындары челлендждерге, қайырымдылық акцияларына, «Таза Қазақстан» ұлттық жобасына қатысу арқылы өздерінің ұйымшылдығы мен бірлігін көрсетуде, — деп Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындарды мерекемен құттықтап, баршаға бейбітшілік, сүйіспеншілік пен өзара түсіністік тіледі.

Мерекелік бағдарламаның жарқын қорытындысы ретінде түрлі халықтардың тілінде орындалған «Туған жер» композициясы шырқалды. Соңында өнерпаздар Қазақстан халқының бірлігі, бейбітшілігі мен достығын білдіретін шаңырақты көтерді.

Іс-шараның маңызды бөліктерінің бірі «Таза Қазақстан» флешмобы болды.

Саябақтың орталық алаңында халық шеберлері өз жұмыстарын көпшілік назарына ұсынды.

Сондай-ақ көрме аясында шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

Қарағандылық Сәуле Қасенова бұрын спортпен айналысқан, кейін киіз басу өнерін меңгерген.

— Өңірлік кәсіпкерлер палатасының хабарландыруын көрдім. Бұған дейін мұндай іспен айналысып көрмеген едім. Немерелеріме пима басып көру үшін тәуекел еттім. Тегін оқып шықтым, кейін бұл іс мені қатты қызықтырып, өз кәсібімді аштым. Қазір ассортиментімді кеңейтіп жатырмын: шәркей, тақия, картиналар, кеудешелер, ойыншықтар жасаймын. Енді өзім де шеберлік сабақтарын өткіземін, — дейді шебер.

Концерттік бағдарламалар мен халықтық серуендер облыстың барлық қалалары мен аудандарында ұйымдастырылуда. Қарағанды мен Теміртауда Қазақстан халқының бірлігі күні аясында бұқаралық жүгіру жарыстары да өтіп, тұрғындардың ұйымшылдығы, төзімділігі және салауатты өмір салтына бейілдігі айқын көрініс тапты.

댓글
기타 기사