«TURGYNDAR AMANATY»: Ақтөбеде тұрғын үйді басқару жүйесін жаңғыртуға нақты қадамдар жасалды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/0GnGaEmebYvZdjjF0jleRb6mRq5tyTfFeW1aEIV0.jpg

Ақтөбе қаласында «AMANAT» партиясының «TURGYNDAR AMANATY» жобасы аясында ауқымды өңірлік форум өтіп, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы жүйелі өзгерістер, нақты мәселелер мен оларды шешудің практикалық тетіктері ашық талқыланды.

Форум алаңында мемлекеттік органдар, депутаттар, МИБ пен ПИК төрағалары алғаш рет кеңейтілген форматта тікелей диалог құрды.

Іс-шара ашық форматтағы панельдік отырыстан басталып, пленарлық сессияға ұласты. Онда тұрғын үй қорын жаңғырту, инженерлік инфрақұрылымның тозуы, тарифтік саясат, басқару нысандарының тиімділігі, кондоминиум объектілерін тіркеу, коммуналдық қызмет сапасы және тұрғындардың төлем тәртібі сияқты түйіні тарқамаған түйіткілдерді ашық талқыға түсті. Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар бұл мәселелер бойынша нақты түсініктемелер беріп, бірқатар мәселені шешу жолдарын белгіледі.

Пленарлық отырыста сөз алған өңір басшысы Асхат Шахаров «TURGYNDAR AMANATY» жобасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын дамытуға және азаматтар үшін қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға серпін беретінін атап өтті.

«Бүгінгі жиын – ортақ мақсатқа жету жолындағы нақты қадамдарымыздың бірі. Отырыста көтерілген барлық мәселе назарға алынып, оларды шешу бойынша тиісті жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табады. Әрбір ұсыныс салалық жоспар мен іс-шаралар барысында ескеріліп, оның орындалуы тиісті мемлекеттік органдар бақылауында болады. Ортақ міндеттерді орындауда жүйелі әрі нәтижелі жұмыс жүргізу қажет», – деді ол.

Ал «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев өз сөзінде партия бастамасымен іске қосылған бұл жоба көппәтерлі тұрғын үйлердегі жүйелі мәселелерді шешудің нақты құралына айналып отырғанын атап өтті.

«Бұл бағыттағы өзгерістер – тарифтер, абаттандыру, жарықтандыру, лифтілер мен қауіпсіздік – әрбір тұрғынның күнделікті өмір сапасына тікелей әсер етеді. Сондықтан біз тек талқылаумен шектелмей, нақты шешімдерге көшуіміз қажет. Партия нақты нәтижеге бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырады»,  – деді ол.

Өз кезегінде депутат Екатерина Смышляева қараусыз қалған үйлер мәселесіне тоқталып, әкімдіктерге оларды мемлекеттік ұйымдар арқылы уақытша басқару өкілеттігі берілгенін атап өтті. Бұл – әлеуметтік тұрғыдан маңызды шешім.

«Жаңа заңда тұрғын үй инспекциясымен және коммуналдық қызметтермен өзара іс-қимыл регламенттері айқын белгіленді. Бірақ тәжірибеде мәселелер бар екенін көріп отырмыз. Осы тұрғыда біздің жоба негізгі коммуникациялық алаң болады. Әрбір төраға, үйдің өкілі басқаруға қатысты мәселелер бойынша «AMANAT» партиясына жүгіне алады және қажет болған жағдайда тиісті қызметтермен тікелей байланыс ұйымдастырылады.

Кадр мәселесі де партияның басты назарында. Салаға келетін мамандардың біліктілігін арттыру, сертификаттау жүйесін жетілдіру және оқыту сапасын арттыру – алдағы кезеңнің негізгі міндеттерінің бірі. Біз оқу және тест материалдарының сапасын, сондай-ақ төрағалар үшін сертификаттау қызметтерінің қолжетімділігін бақылау бағытында жұмыс жүргіземіз», – деді депутат Екатерина Смышляева.

Мәжіліс депутаты Қазыбек Әлішев тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы реформалардың мәнін егжей-тегжейлі түсіндірді. Оның айтуынша, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңдағы өзгерістер бұл саланы түбегейлі жаңғыртуға бағытталған.

Іс-шара барысында өңірдегі тұрғын үй қорының нақты жағдайы және кейінгі жылдары жүргізілген жұмыстар да ашық айтылды. Облыста 12 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініп, 255 тұрғын үйге жөндеу жұмысы жүргізілген, сондай-ақ 223 лифт жаңартылған. Бұдан бөлек басқару жүйесін жаңғырту бағытында 331 МИБ құрылды.

댓글
기타 기사