Орталық Азия елдері президенттері Мәскеудегі парадқа бармайды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/RNTwiFHdWRUTvkRzq6Xblj212qDT20G6PXxwrILS.jpg

фото:kremlin.ru

9 мамырда Мәскеу қаласында өтетін Жеңіс парады қауіпсіздік шаралары күшейтілген жағдайда ұйымдастырылмақ. Ресей билігі соңғы жылдары алғаш рет Қызыл алаңдағы әскери шеруге ауыр бронетехника мен зымыран кешендері қатыспайтынын хабарлады. Сондай-ақ, шеруге келетін қонақтар тізімінде Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары жоқ, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы Fergana агенттігіне сілтеп.

Ресей тарапы бұл шешімді «қазіргі жедел ахуалмен» түсіндірсе, Украина мен бірқатар батыстық басылымдар оны украиналық дрон шабуылдарынан қорғану әрекетімен байланыстыруда. Соңғы айларда Мәскеу қаласы мен облысында бірнеше мәрте ұшқышсыз аппараттарға қарсы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері іске қосылғаны белгілі.

Украина президенті Владимир Зеленский Ереванда өткен Еуропалық саяси қауымдастық саммитінде Ресейдің әскери техниканы көрсетуден бас тартуын «әлсіздіктің белгісі» деп бағалады. Оның айтуынша, Кремль Қызыл алаң маңындағы ықтимал дрон шабуылдарынан қауіптеніп отыр.

Ал Ресей Қорғаныс министрлігі мерекелік шараны бұзуға бағытталған кез келген әрекетке қатаң жауап берілетінін мәлімдеді. Мемлекеттік дума депутаты Андрей Колесник те қауіп туындаған жағдайда жауап «дереу әрі қатаң» болатынын айтты.

Осыған байланысты Кремль 9 мамыр мерекесіне қатысатын шетелдік делегациялар тізімін жариялады. Алайда тізімде Орталық Азия мемлекеттері – Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан басшыларының аты аталмаған.

Бұған дейінгі жылдары аталған елдердің лидерлері Мәскеудегі Жеңіс парадына тұрақты түрде қатысып келген еді. Биыл олардың келмеуі сарапшылар тарапынан аймақтағы саяси сақтықпен және қауіпсіздік мәселелерімен байланыстырылып отыр.

댓글
기타 기사