Алматы облысында тазалық талаптарын бұзғандарға 169 млн теңге айыппұл салынды

123
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/lrbBI0g9uJyIfbYzpbnEOXk4zbFaAXP818EtCxzr.jpg

Алматы облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қоғамдық орындардың тазалығы мен тәртібін сақтауға бағытталған шаралар күшейтілді. Бақылау рейдтер барысында ғана емес, әлеуметтік желілерді мониторингтеу арқылы да жүргізілуде. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алматы облыстық Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Рахым Толокұлов мәлімдеді.

Жыл басынан бері өңірде 10 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 239 дерек қоғамдық орындарды ластаумен байланысты болса, 9 878 жағдай аумақтарды абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша тіркелген. Полиция мәліметінше, құқық бұзушыларға 10 млн теңгеден астам айыппұл салынған, оның шамамен 6 млн теңгесі өндірілген.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы іске қосылған сәттен юастап, яғни 2024 жылдың сәуір айынан бері облыста қоғамдық орындарды ластауға қатысты 4 866 құқық бұзушылық және абаттандыру қағидаларын бұзудың 46 300 фактісі тіркелген. Екі жыл ішінде салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 169 млн теңгеден асты.

«Қазіргі таңда жұмыс рейдтер арқылы ғана жүргізілмейді. Біз әкімдікпен және қоғам белсенділерімен бірлесіп, әлеуметтік желілерге күн сайын мониторинг жүргіземіз. Заңсыз қоқыс төгу деректерін анықтап, жедел әрекет етудеміз. Жыл басынан бері интернет мониторингі арқылы 24 рұқсатсыз қоқыс үйіндісі анықталды. Жалпы бағдарлама басталғалы тек әлеуметтік желілер арқылы 82 заңсыз қоқыс төгу орны анықталып, оның 65-і жойылды. Анықталған барлық деректер бойынша материалдар тиісті шара қабылдау үшін Экология департаментіне де жолданады», – деді Алматы облыстық Қоғамдық қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары Рахым Толокұлов.

Бақылауды күшейту мақсатында өңірде полиция, табиғатты қорғау органдары, еріктілер, қоғам белсенділері, бюджеттік ұйымдар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен 30 мобильді топ құрылған. Рейдтік іс-шараларға 338 адам тартылған, оның 313-і – полиция қызметкерлері.

Айте кетейік, жыл басынан бері 350 рейд өткізілді. Заң талаптарын бұзғандарды анықтау және рұқсатсыз қоқыс үйінділерін жою жұмыстары күшейтілген режимде жалғасын табады.

댓글
기타 기사