Рельстегі кідіріс. Жолаушы LRT-ны тоқтатып қойды

142
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/nXUa2fmI6B7wIFRRfUnc8yvXB6gDzK3qSqDArOSq.jpg

Астанадағы LRT желісінде жолаушылардың қауіпсіздік ережелерін бұзу факілері тіркелді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Бұл туралы City Transportation Systems (CTS) компаниясы хабарлады.

Компания мәліметінше, жолаушылар еш себепсіз платформадағы шұғыл тежеу батырмасын басып, пойыз ішіндегі платформалық есіктерді апатты жағдайда ашу жүйесін іске қосқан. Сондай-ақ вагон есіктерін өз бетінше ашуға тырысып, жабылуына кедергі келтірген жағдайлар да болған. Оқиға 17 мамыр тіркелген. Ал LRT 16 мамыр күні ғана қолданысқа берілген.

CTS өкілдерінің айтуынша, LRT жүйесі толықтай автоматтандырылған. Сондықтан мұндай әрекеттердің барлығы қауіпсіздікке төнген ықтимал қауіп ретінде қабылданып, пойыздардың тоқтауына және диспетчерлік орталық тарапынан қосымша тексерістер жүргізілуіне себеп болады.

Компания LRT желісінің жоғары кернеумен жұмыс істейтінін еске салды. Әр пойыз ішінде арнайы оператор бар. Қажет болған жағдайда ол электр қуатын ажыратқаннан кейін есіктерді өзі ашады.

CTS жолаушыларды LRT пайдалану ережелерін сақтауға шақырды. Барлық заңбұзушылықтар бекеттер мен вагондардағы бейнебақылау камералары арқылы анықталады.

Сонымен қатар компания анықталған құқықбұзушылықтар бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жолданатынын мәлімдеді. Себебі мұндай әрекеттер жолаушыларға қауіп төндіріп, LRT желісінің тұрақты жұмысына кері әсер етеді.

댓글
기타 기사