"Жеңімпаздарды жазғыруға болмайды". Президент Алтын Орда симпозиумында тарихшылар миссиясына тоқталды

187
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/tb6GdrgISGRFhMulkNyLmc3Y4ExMH3Tks5GzSdww.jpg

Елордада «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиум өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ауқымды жиынға әлемнің 20-дан астам елінен келген ғалымдар, сарапшылар мен дипломаттар қатысты. Симпозиумның ашылуында сөз сөйлеген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың Еуразия тарихындағы орнына тоқталып, оның Батыс пен Шығысты жалғаған қуатты мемлекет болғанын атап өтті.

«Алтын Орда – Еуразияның ұлан-ғайыр аумағын еркін жайлап, Ұлы дала төсінде билік құрған қуатты империя болғанына ешқандай тарихшы күмән келтірмейді. Алтын Орда Батыс пен Шығысты жалғап, түрлі өркениеттердің дамуына және мемлекеттердің қалыптасуына ерекше ықпал еткен аса ірі саяси құрылым болды», – деді Мемлекет басшысы.

Президент тарихи мұраны зерттеу барысында ескі догмалардан арылып, өткенге объективті көзқарас қажет екенін айтты. Оның сөзінше, тарихты саяси мақсатта бұрмалау ғылымның дамуына кері әсер етеді. Мемлекет басшысы «Тарихты жеңімпаздар жазады» деген қағидаттың ғылымға қарсы сипатын ұмытпаған жөн» дейді.

«Бұл орайда тарихқа әділ әрі саяси тұрғыдан бейтарап баға беру маңызды. «Тарихты жеңімпаздар жазады» деген қағидаттың ғылымға қарсы сипатын ұмытпаған жөн. Яғни жеңімпаздарды жазғыруға болмайды, әлем тарихының төрінен орын алып, зерттеушілердің мақтау-мадағына ие болады. Ал шағын және орта мемлекеттер, соның ішінде майданда жеңіліс тапқан елдер тарихтың тасасында қалады. Қазақстанда саясаттың пайдасы үшін көшпелі халықтарды жабайы, бей-берекет, тарих шеңберінен тыс күш ретінде көрсетіп, қуатты дала империяларын «мемлекет деңгейіне жете алмаған» деп төмендететін ескі догмалар мен қасаң көзқарастарды қайта қарау үдерісі басталып кетті. Бұл ретте біз шынайы тарихнаманы қалпына келтіре отырып, өткенді әсірелеуден аулақпыз. Тарих өзіне тәнті болған жалған әрекеттерді, ортақ мұраны жекелеген халықтың қанжығасына байлап беруді кешірмейді. Кереғарлықтар мен кедергілерге толы бай тарихымызды біржақты түсіндіруге қойылатын талап ғылымның құлдырауына және өзара сенімнің жоғалуына әкелетін тұйыққа тірейді. Сонымен қатар кәсіби тарихшылар қауымдастығында «жұмсақ күш» пен ғылыми дипломатияның өкілдері де бар. Олар саясаткерлер қамал тұрғызатын жерде көпір салуға қабілетті. Тарихшылардың миссиясы қазіргі алмағайып кезеңде маңызды болып тұр», - деп хабарлады Тоқаев.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орда мұрасын зерттеудің негізгі бағыттарына тоқталды. Атап айтқанда, зияткерлік мұра, мемлекеттік басқару жүйесі және экономикалық құрылым мәселелері маңызды екені айтылды.

Мемлекет басшысы Әл-Фараби мен Қожа Ахмет Ясауи еңбектерінің тарихи сабақтастығына назар аударып:

«Ясауи хикметтері – Ұлы даланың мәдени коды», – деді.

Президенттің айтуынша, Алтын Орда кезеңінде қалыптасқан сауда жолдары мен тұрақты ақша жүйесі халықаралық экономикалық байланыстардың дамуына негіз болған. Симпозиум барысында Қазақстанның Алтын Орданың тікелей мұрагері екені және тарихи сабақтастықтың ел дамуы үшін маңызды рөл атқаратыны айтылды. Сонымен қатар, отандық тарихтың академиялық жинағында Алтын Ордаға жеке том арналатыны мәлім болды.

Жиын соңында Президент тарихты зерттеу болашаққа жол ашатын маңызды қадам екенін атап өтті.

댓글
기타 기사