Тағы да клиникадағы өлім. Депутат отадан соң қайтыс болды

116
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/jXEaVrdhGqYhYnbpsJIubuXEZ4knqVD6jSH6waHc.jpg

Маңғыстау облысы мәслихатының депутаты, KazPetroDrilling компаниясының өңірлік вице-президенті Ербол Айтуов Ақтаудағы жекеменшік клиникада жасалған отадан кейін қайтыс болды, деп хабарлайды "Адырна".

49 жастағы Ербол Айтуов иек тұсына липосакция жасату үшін жеке медициналық орталыққа жүгінген. Операция 4 сәуір күні жасалған. Алайда көп ұзамай оның жағдайы күрт нашарлап, комаға түскен. Бір айдан кейін, 5 мамырда көз жұмған.

Марқұмның жұбайы дәрігерлердің жіберген қателігі ауыр жағдайға себеп болғанын айтады. Оның сөзінше, интубация дұрыс жасалмай, салдарынан Ербол Айтуовтың қан қысымы мен қандағы қант деңгейі күрт көтерілген. Кейін ол ишемиялық инсульт алып, ес-түссіз жатқан.

Туыстары клиника науқасқа қажетті көмекті дер кезінде көрсетпеді әрі оның нақты жағдайын жасырды деп мәлімдеуде.

Оқиғадан кейін Денсаулық сақтау министрлігі клиникаға арнайы тексеру жүргізді. Тексеру барысында медициналық мекемеде бірқатар өрескел заңбұзушылық анықталған. Атап айтқанда, операциялық бөлім толық жабдықталмаған, кейбір медициналық құрылғылардың пайдалану мерзімі өтіп кеткен. Сонымен қатар анафилактикалық шок кезінде қолданылатын қажетті дәрілердің болмағаны белгілі болды.

Ең бастысы — клиникада ересектерге арналған анестезиология және реанимация қызметін көрсетуге лицензия болмаған. Сондай-ақ дәрігерлер науқасты толық медициналық тексеруден өткізбей, қажетті анализдерсіз операцияға жібергені анықталған.

Қазіргі таңда тексеру материалдары прокуратураға жолданған. Алайда Маңғыстау облыстық прокуратурасы материалдардың әзірге түспегенін хабарлады.

Ресми мәлімет бойынша, Ербол Айтуов Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты әрі “Kazpetrodrilling” акционерлік қоғамының өңірлік вице-президенті болған. Ол 1977 жылдың 21 наурызында дүниеге келген.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыдағы жеке клиникада липосакция жасатқан блогер Сауле Базарханның да операциядан кейін қайтыс болғаны туралы ақпарат тараған еді. Бұл жағдайлар пластикалық хирургия саласындағы қауіпсіздік мәселесін қайтадан күн тәртібіне шығарды.

댓글
기타 기사