Алматыда қандастардың өзекті мәселелері көтерілді

327
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/kVNJJy6djVPrXR4W8zMdv53S1CHmA0H8RGlmtJvh.jpg

Алматыда Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығының филиалында қандастардың өзекті түйткілдеріне арналған кеңейтілген кездесу өтті. 2026 жылғы 23 мамырда өткен жиында «Қандастарға қамқорлық, мемлекеттік қолдау және өзекті мәселелер» тақырыбы талқыланып, азаматтық алу мен құжат рәсімдеудегі күрделі мәселелер күн тәртібіне шықты.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жаубасов Бауыржан Жанатұлы, Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жазылтаева Жанар Құдайбергенқызы, көші-қон жүйелері бөлімінің басшысы Абылай Төлегенов,Алматы қаласы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының өкілі Айгүл Оспанқызы, сондай-ақ Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасының өкілдері мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің өкілі Нұрлыхан Мәжиқызы қатысты.



Жиында пилоттық жоба аясында азаматтық алу рәсімдеріндегі түйткілдер, өңірлік тіркеуге байланысты шектеулер және құжат тапсырудағы қиындықтар ашық айтылды. Қатысушылардың пікірінше, кейбір талаптар қандастардың азаматтық алу процесін едәуір күрделендіріп отыр.

Жиынды Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы-ның Алматы филиалының басшысы Мұратхан Шоқан жүргізді. Ол Алматыға қоныстанған қандастарға қатысты мәселелер бойынша қала әкімі Дархан Сатыбалдының қабылдауында болғанын, сондай-ақ AMANAT партиясы Алматы қалалық филиалы деңгейінде өткен қабылдауларда көтерілген мәселелердің әкімдік тарапынан назарға алынғанын және Алматы қаласының ішкі саясат басқармасымен және өзге де тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.

Сондай-ақ жиында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы Алматы филиалы басшысының орынбасарлары Вячеслав Вавилин, Қанат Ислам және Ербол Байорынұлы пікір білдіріп, азаматтық мәселелеріндегі түйткілдерді шешу қажеттігін жеткізді.

Кездесуде ерекше назар тестілеу жүйесіне ауды. Басқа әліпбиде білім алған қандастар үшін емтихан тапсыру мен балл жинау талаптарының қиындығы айтылды. Сондай-ақ Қытайдан келген азаматтар үшін жүргізуші куәлігін ауыстыру, визамен жұмыс істеу сияқты әкімшілік кедергілер де көтерілді.

Сонымен қатар, пилоттық жоба талаптары кей жағдайларда отбасылардың бөлініп қалуына себеп болуда: бір мүшесі ерте келіп Алматыдан үй алып, баласын оқуға орналастырса, кейін келгендері жоба бойынша басқа өңірге жіберіліп, бір отбасының әр жерде өмір сүруіне әкеліп отыр.
Жиында нақты өмірлік жағдайлар да қозғалды. Төсекке таңылған баласына байланысты азаматтық ала алмай отырған ана мен Қазақстанда жиырма жылдан бері тұрып, ұлына азаматтық рәсімдей алмай жүрген жалғызбасты ананың мәселелері қоғамдағы түйткілдердің өткір сипатын көрсетті.



Жиынға 100-ден астам қандас қатысып, жауапты органдарға сауалдарын тікелей қойды. Мәжіліс депутаты Қазыбек Исаның бұл мәселелер бойынша Парламентке депутаттық сауал жолдағаны айтылып, қатысушыларға үміт сыйлады.

Сонымен қатар, жиында делдалдарға сенбеу, арандатушылыққа ермеу және Қазақстан заңнамасын қатаң сақтау қажеттігі ескертілді.
Кездесу соңында қандастар демалыс күніне қарамастан жиынға белсене қатысып, мәселелерін тыңдаған құзырлы орган өкілдеріне алғыс білдірді.

Қатысушылар көтерілген түйткілдердің назардан тыс қалмайтынына сенім білдіріп, жиыннан көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.

댓글
기타 기사