«Он алты қыз» ансамблі түркиядағы халықаралық байқауда бас жүлдені иеленді

86
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/HfKjumMI5H87y7R9lcI7AhKUQG7CudyA7y6xfKzO.jpg

Ақмола облысының әкімі Марат Мұратұлы Ахметжановтың қолдауымен Ақмола өңірінің үздік шығармашылық ұжымдарының бірі, халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты,  «Көкшетау» мәдениет сарайы жанындағы 25 жылдық тарихы бар «Он алты қыз» халықтық би ансамблі Түркия Республикасының Мендерес, Гумулдур және Өздере (Измир) қалаларында өткен VI Халықаралық өнер фестивалі мен «Мандарин кубогы – 2026» байқауына қатысып, жоғары нәтиже көрсетті.

«Sunu Event Company» ұйымдастырушыларының ресми шақыруымен барған шығармашылық ұжым құрамында ансамбльдің 16 бишісі, ансамбль жетекшісі Мадина Темербулатқызы Дусмогомбетова және «Көкшетау» мәдениет сарайының директоры Әлия Нұрсұлтанқызы Құрманова болды.

Әлемнің әртүрлі елдерінен келген өнер ұжымдарының басын қосқан халықаралық фестиваль мәдени байланыстарды нығайтуға, халық шығармашылығын дамытуға және достық қарым-қатынасты арттыруға бағытталған маңызды мәдени алаңға айналды.

Байқау аясында ансамбль бірнеше ұлттық би қойылымдарын көрермен назарына ұсынды. Алғашқы өнер көрсету Өздере қаласында өтіп, ұжым хореограф Мадина Темербулатқызының «Қыз ғұмыры» хореографиялық қойылымын орындады. Қазақ қызының нәзіктігі мен ішкі жан дүниесін бейнелейтін бұл би шетелдік көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Сонымен қатар ансамбль репертуарындағы «Қыз думаны», «Айжан қыз», «Аққу», «Қуаныш», «Былқылдақ» сынды ұлттық нақыштағы қойылымдар қазақ халқының бай мәдени мұрасы мен би өнерінің көркемдігін паш етті. Әр би арқылы сахнада ұлттық болмыс, әсемдік, нәзіктік пен қазақ өнерінің рухы көрініс тапты.

Байқау қорытындысы бойынша ансамбль Бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар ұжым «Ең үздік қойылым» және «Ерекше керемет костюм» номинацияларымен марапатталды.

Фестиваль ұйымдастырушылары ансамбль өнеріне жоғары баға беріп, ерекше алғыстарын білдірді. Сондай-ақ ұжымға алдағы халықаралық фестивальдер мен байқауларға арнайы шақыру жолдап, шығармашылық табыс тіледі.

«Он алты қыз» ансамблінің халықаралық фестивальдегі жарқын жетістігі қазақстандық өнердің әлемдік сахнадағы абыройын арттырып, ұлттық мәдениетті халықаралық деңгейде кеңінен насихаттауға қосылған маңызды үлес болды.

댓글
기타 기사