Ресей тәліптерге кеңестік әскери техниканы қалпына келтіруді ұсынды

271
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/IHWd0QJXCinh5sFA5fh0Hjv3dfuA1OOSWe2KRKG3.jpg

Ресей Ауғанстанды бақылауда ұстап отырған «Талибан» қозғалысына 27 мамырда қол қойылған әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісім аясында кеңестік әскери техниканы қалпына келтіруді ұсынды. Бұл туралы Ресей президентінің Ауғанстан жөніндегі арнайы өкілі Замир Кабулов мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

1989 жылы кеңес әскері Ауғанстаннан шығарылғаннан кейін елде қанша әскери техника қалғаны нақты белгісіз. The Moscow Times басылымы Ауғанстан Қорғаныс министрлігі мен Military Balance деректеріне сүйене отырып, талибтердің қолында әлі де ондаған Т-55 және Т-62 танкі, БМП-1 және БМП-2 жаяу әскердің жауынгерлік машиналары, Ми-17 және Ми-24 тікұшақтары, үш Ан-26 және бір Ан-32 әскери-көлік ұшағы, сондай-ақ минометтер мен атыс қарулары бар екенін жазды.

Соңғы жылдары «Талибан» осы техниканың бір бөлігін қалпына келтіруге әрекет жасап келеді. Defense Express мәліметінше, 2023 жылдың қыркүйегінде талибтер жөндеуден өткен ондаған Т-55 және Т-62 танкі, БМП-1 машиналары мен Ми-24 тікұшақтары көрсетілген бейнеролик жариялаған.

Басылымның атап өтуінше, өндірістік базасы, мамандары немесе қосалқы бөлшектері жоқ тәліптер ескі кеңестік техниканы өз күшімен қалпына келтіре алмас еді. Бұл іске Ресейдің де қатысы болуы мүмкін. Мәселен, Ми-24 тікұшағын пайдалану үшін тек ұшқыштарды ғана емес, оны техникалық қызмет көрсететін мамандарды да даярлау қажет.

Мамыр айының соңында жасалған келісімнің нақты шарттары жарияланған жоқ. Кабулов құжаттың жалпы сипаттағы келісім екенін, алайда онда әртүрлі жүйелерді жеткізуге арналған келісімшарттар жасау мүмкіндігі қарастырылғанын айтты.

Сарапшылардың пікірінше, Мәскеу мен «Талибан» арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары ірі көлемдегі қару-жарақ жеткізу емес, техникалық қызмет көрсету, үйлестіру және кадр даярлау болуы ықтимал.

Вашингтондағы Atlantic Council сараптамалық орталығының аға ғылыми қызметкері Хамид Хакимидің айтуынша, тәліптер үкіметінің Мәскеу үшін маңызды әскери серіктес деңгейінде қару-жарақ сатып алуға жеткілікті қаржылық мүмкіндігі жоқ.

«Талибан» қозғалысы АҚШ пен Еуропалық одақта террористік ұйым ретінде танылған. 2024 жылдың желтоқсанында Ресей Мемлекеттік думасы «Талибанды» террористік ұйымдар тізімінен шығаруға мүмкіндік беретін заң қабылдап, оған президент Владимир Путин қол қойған. Ал 2025 жылдың сәуірінде Ресейдің Жоғарғы соты қозғалыс қызметіне салынған тыйымның күшін тоқтатты.

댓글
기타 기사