"Мosquito". Байтұрсыновтың "Масасы" ағылшын тілінде жарық көрді

162
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/b2TCPsQxyekxDUy4xz3rKvktiJmICH5j6CTJ1Hem.png

Америкалық жазушы әрі аудармашы Жейк Завлацки қазақтың көрнекті ағартушысы, ғалымы және қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» атты өлеңдер жинағын ағылшын тіліне аударып, жеке кітап ретінде басып шығарды, деп хабарлайды "Адырна".

Turkystan.kz басылымының жазуынша, Орталық Азия мәдениетін ұзақ жылдар зерттеген аудармашы бұған дейін Қазақстан, Қырғызстан және Моңғолияда тұрып, өңірдің тарихы мен әдебиетіне қызығушылық танытқан. 

Аудармашының айтуынша, ол қазақ мәдениетімен танысқаннан бері Алаш қозғалысына ерекше қызығушылық танытып келеді. Сондықтан Алаш қайраткерлерінің бірінің шығармасын ағылшын тіліне аударуды мақсат еткен.

«Мен үшін Алаш қайраткерлері – өз заманынан оза туған тұлғалар. Олар қазақ ұлтының болашағын ерте болжай білді және мәдениетті жаңа деңгейге көтеруге күш салды. Сол себепті олардың мұрасын шетел оқырманына таныстыруды жөн көрдім», – дейді Жейк Завлацки.

Оның сөзінше, «Маса» жинағын аудару барысында бірқатар қиындықтар кездескен. Әсіресе қазақ поэзиясындағы тілдік ерекшеліктер мен көне сөздердің молдығы жұмысты күрделендірген.

«Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінің мүмкіндігін шебер пайдаланады. Ал ағылшын тіліне аударғанда өлеңнің ұйқасы мен құрылымын толық сақтау мүмкін болмады. Кейде түпнұсқаның идеясын жеткізу үшін өлең жолдарын қайта құруға тура келді», – дейді аудармашы.

Жейк Завлацки аударманы әлемге қазақ әдебиетін танытудың маңызды жолы деп санайды. Оның пікірінше, «Маса» жинағы бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ.

«Мені Ахмет Байтұрсынұлының білім, сауаттылық, ұлттық абырой және өзін-өзі басқару мәселелерін табанды түрде көтергені тәнті етеді. Мұндай идеялар қазіргі қоғам үшін де маңызды. Сондықтан бұл шығарма Қазақстанда ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінде оқылып, зерттелуі керек», – дейді ол.

Қазір Сан-Диего университетінде дәріс беретін аудармашы бұл еңбек арқылы ағылшын тілді оқырмандардың қазақ әдебиетіне қызығушылығын арттыруды көздейтінін атап өтті. Оның үмітінше, «Маса» жинағын оқыған шетелдік оқырмандар қазақ әдебиеті мен тарихын тереңірек тануға ынталанады.

 

댓글
기타 기사