Асаубаеваның дайындығына 210 млн теңге бөлінген. Министрлік түсініктеме берді

277
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/4EdCU0FyaA2RDDBv87Tdo3yR98nRXdNddyXQdTBv.jpg

Бүгін, 10 маусымда Туризм және спорт министрлігі шахматшы Бибісара Асаубаеваның дайындығына 210 миллион теңге бөлінгенін мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Вице-министр Серік Жарасбаевтың сөзінше, бұл қаражатқа Спорт пен туризмді қолдау қорының, Қазақстан шахмат федерациясының және басқа да ұйымдардың қаржысы кіреді.

«Министрлік бөлген қаражаттан бөлек, Шахмат федерациясы да бюджеттен тыс қаржы бөледі. Федерациямен және түрлі ведомстволық ұйымдармен бірлесіп, 2026 жылы Бибісара Асаубаеваның дайындығына жалпы алғанда шамамен 210 миллион теңге қарастырдық. Былтыр бұл көрсеткіш шамамен 160 миллион теңге болған», – деді ол арнайы ұйымдастырылған брифингте.

Жарасбаев 2023–2024 жылдары спортшының Спортты дамыту дирекциясы арқылы айына шамамен 1 миллион теңге жалақы алып келгенін мәлімдеді. Алайда 2025 жылы басым спорт түрлерінің тізімін айқындайтын жаңа заң күшіне еніп, шахмат бұл тізімге кірмеген. Себебі ол олимпиадалық спорт түріне емес, кешенді спорттық іс-шараларға жатқызылған. Вице-министрдің айтуынша, осыған байланысты спортшының келісімшарт бойынша жалақысы қысқартылған, өйткені бұрынғыдай олимпиадашылардың деңгейінде қаржыландыру мүмкін болмаған.

Министрлік өкілі спортшының Sport Qory қорына қатысты сынына да жауап берді. Серік Жарасбаевтың айтуынша, Бибісара Асаубаеваның өтінімі мақұлданып, халықаралық жарыстарға дайындалуы үшін қор арқылы 100 миллион теңге бөлінген.

Вице-министрдің пікірінше, шахматшы қаржыландыруға қатысты екінші өтінімді меңзеген болуы мүмкін. Алайда қор бюджетінің шектеулі болуына байланысты бұл өтінім қолдау таппаған.

«Спорт пен туризмді қолдау қоры бөлінген 100 миллион теңгемен шектелді. Бірақ қаржыландыру көлемінің жыл сайынғы өсіміне назар аударсақ, 2024 жылы оған 63 миллион теңге, 2025 жылы 79 миллион теңге, ал 2026 жылы 100 миллион теңге бөлінді. Менің ойымша, бір спортшының сапалы дайындалып, жоғары халықаралық деңгейде өнер көрсетуі үшін бұл қаражат жеткілікті болуы тиіс», – деді Серік Жарасбаев.

Сондай-ақ ведомство II дәрежелі «Барыс» орденіне қатысты жағдайға да түсініктеме берді. Министрліктің хабарлауынша, марапаттау туралы жарлыққа Президент қол қойған, алайда спортшының тығыз жұмыс кестесіне байланысты орденді тапсыру рәсімі әлі өткізілмеген.

«Бибісараны 8 наурыз мерекесіне орай Ақордада өтетін құрмет көрсету шарасына шақыру туралы ұсыныстар болған. Біз тізімге енгіздік, бірақ ол сол кезде Кипрде жарысқа дайындалып жатқандықтан қатыса алмады. Қазақстанға оралып, кестесі реттелгеннен кейін марапат өз иесіне табысталады деп ойлаймын», – деді Серік Жарасбаев.

Еске салайық, бұған дейін гроссмейстер Бибісара Асаубаева президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдап, Спорт министрлігі жалақысын үш есе қысқартқанын айтқан болатын. Сондай-ақ ол 2025 жылдың желтоқсанында мемлекет басшысы өзіне II дәрежелі «Барыс» орденін табыстау туралы шешім қабылдағанымен, марапатты әлі алмағанын мәлімдеген еді.

 

댓글
기타 기사