Көлігі көп... Жедел жәрдем кіре алмаған аулада әйел босанып қалды

424
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Ced8tZYvj5lkItprhquw2ABmT6DKzbeiY0vIrQTy.webp

Алматыда жедел жәрдем дәрігерлері тұрғын үй кешенінің ауласында әйелді босандырып алды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оқиға 27 маусымда Шұғыла ықшамауданындағы «Ұлытау» тұрғын үй кешенінде болған. Тұрғындардың айтуынша, жедел жәрдем көлігі ауланың көліктерге толып кетуіне байланысты шақырту орнына бірден жете алмаған. Соның салдарынан медицина қызметкерлері босануды жедел жәрдем зембілінде қабылдаған. Нәтижесінде өмірге қыз бала келген.

Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, шақырту сағат 06:21-де түскен, ал бригада оқиға орнына 06:31-де жеткен.

«Салмағы 3 370 грамм қыз бала жедел жәрдем бригадасының зембілінде дүниеге келді. Күрделі жағдайға қарамастан, дәрігерлер ана мен нәрестеге қажет медициналық көмекті көрсетті. Кейін оларды қалалық перинаталдық орталыққа жеткізіп, ем-домды жалғастырды»,-делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта ана мен нәрестенің жағдайы тұрақты.

Тұрғындардың айтуынша, арнайы қызмет көліктері бұл аумаққа кіріп-шығуда жиі қиындықтарға тап болады. Аулаларда автотұрақ орындары жеткіліксіз, өйткені құрылыс салушы оларды қажетті мөлшерде қарастырмаған. Сонымен қатар ауданда тұрғын үй құрылысы да қарқынды түрде жалғасып жатыр.

Тұрғындар биліктің назарын автотұрақ мәселесіне аударып, жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі және басқа да шұғыл қызметтердің кедергісіз жүруіне жағдай жасалады деп үміттенеді.

 

댓글
기타 기사