Лукашенко ұлының Бейжіңдегі диплом тапсыру рәсіміне қатысты (ВИДЕО)

503
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/hdPk7Dynt3RmXNOkss6Q4FyRi1JKHniFqvijtQIj.jpg

Беларусь президентінің кіші ұлы Николай Лукашенко Пекин университетін «Биотехнология» мамандығы бойынша тәмамдап, диплом алды. Салтанатты рәсім 30 маусымда Беларусь пен Қытайдың алғашқы бірлескен білім беру бағдарламасы аясында өтті. Бұл туралы «Пул Первого» Telegram арнасы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Диплом тапсыру рәсіміне Беларусь президенті Александр Лукашенко де қатысты. Екі университеттің дипломын алған бес беларусьтік түлектің қатарында Николай да болды. Президент ұлына деген мақтанышын жасырмады және отбасында биотехнологтың пайда болғанына қуанышты екенін айтты. Бағдарламаға жалпы саны 25 студент қатысқан.

Президент ғылымның ел дамуы үшін аса маңызды екенін атап өтіп, жас түлектерді Отан игілігі жолында еңбек етуге шақырды.

«Менің қатаң талабым бар. Сіздердің университеттеріңізде білім алған жастар Беларусьте жұмыс істеуі тиіс. Олар қытайлық компаниялармен тығыз ынтымақтастықта болып, нақты дәрі-дәрмек өндірумен айналысуы керек. Бұл жағдайда онкологиялық ауруларды емдеуге арналған препараттар туралы айтып отырмыз. ҚХР төрағасы бұл ұстанымды қолдады, ешқандай қарсылық байқамадым», – деді ол.

Бұған дейін Александр Лукашенко ұлы Николайдың ауылдағы қарапайым мектепте басқа балалармен бірге білім алғанын айтқан еді. Оның сөзінше, бұл жағдай оған әлемдегі беделді жоғары оқу орындарының бірі – Пекин университетіне түсуге кедергі болмаған.

Еске салайық, 28 маусымда президент Александр Лукашенко Қытайға ресми сапармен барған болатын.

댓글
기타 기사