30 жыл бұрын буырқанған өмір. "Саяси партиялар" туралы заң қабылданған күн

144
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/cDi5IBqqPSEPnbfA7QSntGNgzPml1mMFQZVduW1y.jpg

1996 жылғы «Саяси партиялар туралы» заң Қазақстандағы көппартиялық жүйенің дамуына негіз қалады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

1996 жылдың 2 шілдесінде «Қазақстан Республикасындағы саяси партиялар туралы» №16-I Заң қабылданып, елдегі саяси партиялардың құрылуы мен қызметін реттейтін негізгі құқықтық тетіктер айқындалды. Қабылданған заңның басты мақсаты – бір партияның саяси монополиясының қалыптасуына жол бермеу және көппартиялық қағидатын дамыту болды. Құжатқа сәйкес, саяси партиялар аумақтық қағидат бойынша құрылуға тиіс болды. Сонымен қатар мемлекеттік органдарда саяси партиялар құруға, сондай-ақ әскерилендірілген саяси партияларды ұйымдастыруға және олардың қызметіне тыйым салынды.

Заң саяси партия ұғымын нақтылап, оны Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттік билікті жүзеге асыру ісіне өз өкілдері арқылы қатысуына мүмкіндік беретін ерікті бірлестік ретінде айқындады.

Құжатқа сәйкес, Қазақстан азаматтарының саяси партияларға еркін бірігу құқығы бекітілді. Әр азаматтың тек бір ғана саяси партияға мүше болуына рұқсат етіліп, партияға мүшелік азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын шектеуге негіз бола алмайтыны белгіленді. Сондай-ақ азаматтардың қандай партияға мүше екенін көрсетуге немесе көрсетпеуге құқығы заңмен қорғалды.

Заңда мемлекет пен саяси партиялардың өзара қарым-қатынасының негізгі қағидаттары да айқындалды. Атап айтқанда, мемлекеттің саяси партиялардың қызметіне заңсыз араласуына және партиялардың мемлекеттік органдардың қызметіне ықпал етуіне жол берілмейтіні көрсетілді. Сонымен бірге саяси партияларды мемлекеттік бюджеттен қаржыландыруға тыйым салынды.

Құжатта Парламент депутаттары мен Үкімет мүшелерінің саяси партияларда ақы төленетін қызмет атқаруына шектеу қойылып, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік міндеттерін орындау кезінде саяси партиялардың шешімдеріне тәуелді болмауы керектігі белгіленді. 1996 жылғы заңның қабылдануы елдегі партияішілік құрылымды жетілдіруге, өңірлік партиялық желілерді дамытуға және саяси ұйымдардың бағдарламалық базасын нығайтуға ықпал етті. Осы кезеңде қоғамдық бірлестіктер мен саяси қозғалыстардың белсенділігі артып, Қазақстандағы көппартиялық жүйенің қалыптасу үдерісі жаңа деңгейге көтерілді.

Кейін бұл заңның күші 2002 жылғы 15 шілдеде қабылданған №344-II «Саяси партиялар туралы» жаңа заңның қабылдануына байланысты жойылды.

댓글
기타 기사