«Бос уәде бермейміз». «Ақ жол» съезінің делегаттары қарсыластарын популизм үшін сынға алды

231
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/NInFr2b3YzTUgChvcpXdUZhDZTmnaMtwuUqCKnuu.jpg

Астанада өткен «Ақ жол» демократиялық партиясының съезінде партияның саяси бағдарламасындағы негізгі бағыттар айтылды.

Съезд барысында партия өкілдері кәсіпкерлерді қолдау, отандық бизнестің мүддесін қорғау, әлеуметтік масылдық пен жалаң популизмге жол бермеу мәселелерін көтерді.

«Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Қазыбек Иса партияның басты ұстанымдарының бірі кәсіпкерлерді қолдау екенін атап өтті.

Біздің басты бағыттарымыздың бірі – кәсіпкерлерді қолдау. Кәсіпкерлік кодексті жасаған да «Ақ жол» партиясы. Қазір кәсіпкерлікті қолдаймыз деп шығатын партиялар бар. Алайда сөзі мен ісі екі бөлек партияларды да көріп жүрміз. Нақты кәсіпкердің мүддесін қорғаудың орнына, қарсы болып, басқа партияларға тас атып жатқандар да бар. Кімнің кім екенін халық өзі біледі. Кімнің еңбегі нақты, кімдікі жалған екенін де жұрт жақсы түсінеді. Біздің сөзіміз бен ісіміз бір партия екенімізді халық біледі, – деді Қазыбек Иса.

Ал «Ақ жол» ҚДП Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Ермек Әбділдин кейбір саяси күштердің нақты заңнамалық бастаманың орнына пиарға көбірек мән беретінін айтты.

Оның сөзінше, кәсіпкерлерге қолдау көрсету құр ұранмен емес, нақты заң жобалары мен жүйелі шешімдер арқылы жүзеге асуы керек.

Мұның орнына дабыра сұхбаттар, пиар-акциялар және ірі капиталдың мүддесін лоббилеу бар. Олар шын мәнінде не істеді? Заңдардың орнына дабыра мәлімдемелер жасалды. Нақты істің орнына сұхбат беріп, форумдар жинап, «диалог алаңдарын» өткізді. Бірақ Мәжіліске енгізілген нақты заң жобалары қайда? Кәсіпкердің өмірін шынымен жеңілдеткен түзетулер қайда? – деді Ермек Әбділдин.

Ол «Ақ жол» партиясы ұзақ жылдар бойы отандық бизнестің мүддесін қорғап келе жатқанын атап өтті.

Біздің партия ұзақ жылдар бойы отандық бизнестің мүддесін қорғаумен айналысып келеді. Біз бизнестің өзінен келдік. Бұл өзін бизнесмен әрі саясаткер санап жүрген түрлі блогерлерден айырмашылығымыз, – деді ол.

Съезде әлеуметтік масылдық пен жалаң популизм мәселесі де көтерілді.

«Ақ жол» демократиялық партиясының белсенді мүшесі, партия атынан сайланған Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Бекнұр Бисенов кейбір партиялардың экономикалық негізі жоқ уәде беретінін айтты.

Кейбір партиялар «біз ішіп, жейік, ал бәріне мемлекет төлесін деген» жалаң популизмді алға тартады. Кез келген мәселенің шешімі ретінде жәрдемақыны көбейту, субсидияны арттыру немесе мемлекеттің экономикадағы рөлін күшейту ұсынылады. Яғни барлық жауап бір ғана ойға тіреледі: «мұны мемлекет жасауы керек», «мұны мемлекет қаржыландыруы керек». Бұл әлеуметтік масылдықты үдетіп, мемлекетті жарға тірейтін қисынсыз, есепсіз популизм!, – дейді ол.

댓글
기타 기사