Президент: Халқымыздың тағдырына тікелей әсер ететін шешімдер Астанада қабылданады

292
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/qZt2sOJnrZzdbQBFrYFaRMiSOPq3ZUbpYKJ4FLzv.jpg

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Астана күнімен құттықтады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Президенттің айтуынша, ел тағдырына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын бас қала бүгінде ауқымды тарихи өзгерістердің қозғаушы күшіне айналған.

«Астана – егемен еліміздің жүрегі. Елордамыз – Тәуелсіз Қазақстанның символы, жарқын болашаққа ұмтылған ұлтымыздың жасампаз күш-қуатының қайнары. Халқымыздың тағдырына тікелей әсер ететін шешімдер осы қалада қабылданады.

Бас қаламыз ауқымды тарихи өзгерістердің қозғаушы күшіне айналды. Астана сапалық тұрғыдан мүлде жаңа басқару жүйелері енгізілген «ақылды қала» мәртебесіне ие болды.

Сонымен бірге елордамызда саябақтар, гүлзарлар, балаларға арналған алаңдар салынды. Осының бәрі Астана тұрғындары мен қонақтары үшін жасалып жатыр.

Елорда күні қарсаңында ұлт жылнамасындағы түбегейлі бетбұрыс кезеңіне жол ашқан Халық Конституциясы заңды күшіне енді. Мұның символдық мәні бар. Шын мәнінде, осы тарихи оқиға билік пен қоғамның негізгі институттарын жаңғырту ісінің бастауы саналады»,–деді ол.

Президент жаңа конституциялық заң елорданың саяси, әкімшілік, экономикалық және мәдени орталық ретіндегі рөлін күшейткенін айтты. Сондай-ақ Астананың халықаралық беделі артып келе жатқанын, өңірлік және жаһандық деңгейдегі маңызды мәселелердің осы қалада талқылануы соның дәлелі екенін жеткізді.

Мемлекет басшысы елорда жауапты азаматтық ұстанымға, «Заң мен Тәртіп» пен «Таза Қазақстан» қағидаттарына негізделген жаңа қоғамдық этиканың үлгісі болуы тиіс екенін атап өтті.

댓글
기타 기사